АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ-та, Канадада және Мексикада өтетін футболдан әлем чемпионатына Иранның қатысуына "қарсы емес" екенін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
"Егер Джанни Инфантино солай айтса, мен қарсы емеспін", – деді Трамп журналистерге Ақ үйдегі Доғал кабинетінде.
Осылайша Ақ үй басшысы бұл іске араласпайтынын білдірді.
Бұған дейін Джанни Инфантино Ванкуверде өткен ФИФА конгресінде сөз сөйлеп, Иран құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысатынын және жоспар бойынша матчтарын АҚШ-та өткізетінін растаған болатын.
"Ең әуелі Иранның 2026 жылғы әлем чемпионатына міндетті түрде қатысатынын растаймын. Әрине, олар АҚШ-та ойнайды", – деді ФИФА басшысы.
Алайда конгреске 211 мүше қатысқанымен, Иран делегациясы Канадаға кіруге рұқсат берілмегендіктен, жиынға қатыса алмады.
Айта кетейік, әлем чемпионаты 11 маусымда басталып, 19 шілдеде аяқталады. Бұған дейін Трамп қауіпсіздік мәселесіне байланысты Иранның қатысуын "орынсыз" деп атаған еді.