АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп қайтадан президенттік сайлауға түсу мүмкін екенін мәлім етті, деп хабарлайды Inbusiness.kz порталы Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Орландодағы конференцияда сөйлеген сөзінде ол "демократтар 2024 жылғы президенттік сайлауда ойсырай жеңіліс табады" дегенді айтты. Сонымен қатар "2020 жылғы сайлауда жеңіске жеттім" деген мәлімдемесін тағы да қайталады.
Бұрынғы мемлекет басшысы Джо Байденнің президент ретіндегі жұмысын сынға алды. "Джо Байден билікке келгелі бір ай өтті, бұл қазіргі тарихтағы барлық президенттер ішіндегі ең сұмдық кезең болды. Байден жұмыс орындарына, отбасыға, шекараларға, энергияға, әйелдер мен ғылымға қарсы екенін көрсетті", – деді ол.
Ресми дерекке сәйкес, 2020 жылдың қарашасында өткен АҚШ президентінің сайлауында демократ Джо Байден жеңіске жеткен еді. Республикашыл Трамп 232 дауыс, Байден 306 дауыс жинады. Дегенмен Трамп демократтар сайлаудың қорытындысын бұрмалағанын айтып, жеңілісті мойындаудан бас тартып келеді.
Табиғат Нұрболат
Фото: nymag.com