Трамп өзінің кінәсін мойындамады, оған тағылған барлық айыптауларды жоққа шығарды. Сот отырысы аяқталғаннан кейін ол қамаудан босатылды, деп жазады inbusiness.kz "Америка дауысына" сілтеме жасап.
Дональд Трамп ауыр қылмыс жасағаны үшін 34 айып бойынша өз кінәсін мойындамады. Нью-Йорктен Флоридаға оралған Трамп түстен кейін өткен сот отырысына қатысты. АҚШ тарихында тұңғыш рет Америка президентіне қылмыстық іс қозғалды.
CNN телеарнасының хабарлауынша, АҚШ-тың бұрынғы президентіне 30-дан астам айып тағылған, оның ішінде бизнестегі алаяқтық әрекеттерге қатысты.
Судья Хуан Мерчан сот процесі қаңтарда — президенттік праймериздің басталуына бір ай қалғанда басталуы мүмкін деп мәлімдеді, дегенмен Трамптың адвокаттары сот ісін келесі көктемге ауыстыруды қалайды.
"Бүгін біз барлығының заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ету жөніндегі салтанатты міндетімізді растаймыз", — деді Манхэттеннің аудандық прокуроры Элвин Брэгг.