АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп осы аптада Нью-Йоркке оралып, оған қарсы тағы бір іс бойынша жауап береді, деп хабарлайды inbusiness.kz CNN дереккөздеріне сілтеме жасап.
Олардың айтуынша, Трамп бейсенбіде тағы бір сот ісін жүргізу үшін Нью-Йоркке оралады. Бұл жолы Нью-Йорктің бас прокуроры Летиция Джеймс берген азаматтық іс бойынша сот отырысы өтеді.
Экс-президент оған, оның балаларына және Trump Organization ұйымына қарсы сот алдында жауап береді. Бас прокурор Трамп пен оның үш баласын алаяқтық жасады деп айыптайды. Джеймс айтқандай, Трамптың компаниясы инвесторлар мен салық органдарын жаңылыстырып, инвестиция алу үшін жылжымайтын мүлік бағасын көтеріп, кейін салықтық және несиелік жеңілдіктер алу үшін бағаны қайта төмендеткен.
Бас прокурордың кеңсесі Трамп пен оның балаларына кіші Дональд Трампқа, Иванка Трампқа және Эрик Трампқа штатта тіркелген немесе лицензияланған кез-келген корпорацияда директор немесе басқа басқарушы лауазымдарды атқаруға біржола тыйым салумен қатар, 250 миллион доллар көлемінде ақшалай айыппұл салуды талап етеді.
Сондай-ақ, прокурорлар Трамп пен оның Trump Organization компаниясынан штаттағы жылжымайтын мүлікті сатып алуға қатысуға немесе кез-келген мемлекеттік қаржы институттарынан бес жылға несие алуға тыйым салуды сұрайды.
Трамп бұл іс бойынша 2022 жылдың тамызында сот алдында жауап берген болатын. Сол кезде ол өзіне қарсы куәлік бермеу құқығын қолданыр, сұрақтарға жауап беруден бас тартты.
Дональд Трамп 4 сәуірде түстен кейін Нью-Йорк сотында ауыр қылмыс жасады деп, тағылған 34 айыпқа қатысты өз кінәсін мойындамады.
CNN телеарнасының хабарлауынша, АҚШ-тың бұрынғы президентіне 30-дан астам айып тағылған, оның ішінде бизнестегі алаяқтық әрекеттерге қатысты.