Трамп Мирзиёевтің сыйлығын Вашингтондағы ерекше кездесу орнына айналдырды

2006

Өзбек шеберлері дәстүрлі үлгіде әзірлеген екі айван 200 жылдық жаңғақтың сүрегінен жасалған.

Трамп Мирзиёевтің сыйлығын Вашингтондағы ерекше кездесу орнына айналдырды Фото: kun.uz

АҚШ президенті Дональд Трамп Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің сыйға тартқан дәстүрлі өзбек айвандарын Вашингтонның көрікті орындарының біріне айналдырмақ.

Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығына орай сыйға тартылған екі айван Вашингтондағы Тайдал-Бейсин су айдынының жағасына, Джефферсон мемориалы мен Вашингтон монументіне қарама-қарсы орналастырылған.

– Бұл сыйлықты жеке пайдалануға қалдырмай, айвандарды көпшілікке ұсынғым келді, – деді Дональд Трамп.

АҚШ президентінің айтуынша, өзбек шеберлері айвандарды тұрғызу үшін бірнеше ай бойы отбасыларынан жырақта еңбек еткен. Құрылысқа 200 жылдық тау жаңғағы ағаштарының сүрегі пайдаланылған. Трамп қолайсыз ауа райына қарамастан жұмыс істеген шеберлердің өнеріне жоғары баға берді.

Айвандардың ашылу рәсіміне Өзбекстанның АҚШ-тағы елшісі Фуркат Сидиков пен АҚШ ішкі істер министрі Даг Бергам қатысты. Ал Трамп салтанатты шара өткен жердің үстінен Marine One тікұшағымен ұшып өткенін жеткізді.

Ақ үй басшысы Шавкат Мирзиёевке сыйлығы үшін, сондай-ақ Өзбекстан елшілігі мен АҚШ Ұлттық саябақтар қызметіне бірлескен жұмысы үшін алғыс білдірді.

Трамптың айтуынша, алдағы уақытта өзбек айвандары кездесулер мен фотосессияларға арналған танымал орынға айналуы мүмкін. Бұл маңда АҚШ тарихындағы 250 көрнекті тұлғаның мүсіні қойылатын Америкалық батырлар ұлттық бағын ашу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Трамп аталған бақты құру туралы бастамасын алғаш рет 2020 жылы көтерген. Алайда 2021 жылы Джо Байден жобаны жүзеге асыруға қатысты жарлықтардың күшін жойған болатын. Ақ үйге қайта оралған Трамп бұл жобаны қайта қолға алды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу