Трамп неліктен Нобель сыйлығына лайықты емес?

168

Сарапшылардың пікірінше, ол Путинді қызыл кілем төсеп қарсы алғаны үшін биыл әйгілі жүлдеге үміттенбесе де болады.  

Трамп неліктен Нобель сыйлығына лайықты емес? Фото: REUTERS

Сарапшылардың пікірінше, АҚШ президенті Дональд Трамп биыл Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын жеңе алмайды. Өйткені Құрама Штаттар лидері марапаттау комитеті ерекше қастерлейтін халықаралық тәртіпті бұзып жатыр.

Марапаттау комитеті тәуелсіз жұмыс істеуді жөн көретіндіктен, Трамптың лоббиі бұл мәселеде нәтиже бермеуі мүмкін.

Бейбітшілік Нобелін 2025 жылы бес адамнан тұратын орган алады деген болжам бар. Бұл топ  Трамптың АҚШ-тың халықаралық көмегін қысқартуына байланысты қиын жағдайда жұмыс істеп жатқан гуманитарлық ұйым болуы ықтимал. Лауреат 10 қазанда жарияланады. 

 "Трамптың Бейбітшілік сыйлығын алуға мүлде мүмкіндігі жоқ", – дейді марапат тарихшысы Асле Свин Трамптың Газадағы соғыста Израильді қолдауы мен Ресей президенті Владимир Путинмен жақындасу әрекетін еске ала отырып.

Марқұм Альфред Нобельдің өсиетінде бұл марапат "халықтар бауырмалдығын дамыту үшін ең көп немесе ең жақсы жұмыс істеген" адамға берілуі керек.

Ослодағы Бейбітшілікті зерттеу институтының директоры Нина Грегердің айтуынша, Трамп мұндай игі іс атқаруға ұмтылып отырған жоқ.

"Ол АҚШ-ты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан және климат бойынша Париж келісімінен шығарды, ескі достары мен одақтастарына сауда соғысын жариялады", дейді Грегер Reuters агенттігіне берген сұқбатында.

КҮТПЕГЕН ЛАУРЕАТТАР

Рас, көптеген таңқаларлық үміткерлер бұрын Нобель сыйлығын жеңіп алды. Мысалы, Барак Обама оны президенттікке сайланғаннан кейін небәрі сегіз айда иеленді. Сонымен қатар, Вьетнам соғысы қызып тұрған шақта АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі болған Генри Киссинджер де Нобель жүлдегері атанғаны белгілі.

"Кейде адамдар бейбітшілік сыйлығын қатыгездікке, авторитаризмге, зұлымдыққа немесе кем дегенде заңсыздыққа үлес қосқанына қарамастан алады. Бірақ олар осы ағаттықтарын кейіннен анық көріп, қателіктерін түзету үшін қажетті қадамдар жасады", дейді Норвегия Нобель комитетінің бұрынғы мүшесі Хенрик Сайсе 1993 жылы Нельсон Манделамен бірге лауреат атанған Оңтүстік Африканың апартеид дәуіріндегі соңғы лидері Ф.В.де Клеркті мысалға келтіре отырып.

Грегердің пікірінше, егер Трамп Путинге Украинадағы соғысты немесе Израиль премьер-министір Биньямин Нетаньяхуға Газадағы қырғынды тоқтату үшін қысым көрсете алса, оның Нобельге үміткерлігі талқыланар еді.

ҚАРҚЫНДЫ ЛОББИЛІК НАУҚАН

Көптеген адамдар Нобель Бейбітшілік сыйлығын алу үшін лоббиге жүгінеді. Бірақ бұл тәсілді Трамптан артық ешкім қолданбаған. Ол айтулы жүлдеге дәмесін жақында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мінберінен де аңғартты.

Бірақ Норвегия Нобель комитетінің қазіргі жетекшісі орынбасарының пікірінше, лоббизм әдетте кері нәтиже береді.

"Ықпал ету науқаны әдетте оңтайлыға қарағанда көбірек теріс әсер етеді. Кейбір кандидаттар қарқынды лоббилік тәсілімен бізге ұнамайды", дейді Асле Тодже.

КІМДЕР ИЕЛЕНУІ МҮМКІН?

Әйгілі сыйлыққа ие болуы мүмкіндер қатарында  Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар ісі жөніндегі агенттігі, ЮНИСЕФ, 80-жылдығын атап өтіп жатқан БҰҰ-ның өзі, Қызыл Крест, Шекарасыз дәрігерлер немесе Суданның Төтенше жағдайларға жауап беру орталығы мен басқа да жергілікті топтар бар.

Журналистер де назардан тыс қалмауы мүмкін. Биыл ақпарат таратып жүріп қаза тапқан тілшілер саны рекордтық деңгейге жетті. Олардың көбі Газа секторында өлтірілді. Сондықтан нобельдік комитет Журналистерді қорғау комитетін немесе "Шекарасыз репортерлерді" марапаттауы да ғажап емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу