Еуропарламенттің Эстония атынан сайланған депутаты Яак Мадисон АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампты Нобель сыйлығына ұсынды.
Мадисон Трамптың соңғы 30 жылда басқа елге соғыс ашпаған АҚШ президенті екенін айтып, оның кандидатурасын қолдауға осы фактордың әсер еткенін алға тартты.
"Сонымен қатар ол басшылық еткен тұста Таяу Шығыста тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз етуге септігін тигізген бірқатар бейбіт келісімге қол қойылды. Нобель сыйлығын кім алатынын көрейік", – деп жазды депутат өзінің Facebook-тағы парақшасында.
Ескере кететін жайт, Құрама Штаттардың бұрынғы президентін бұған дейін бірнеше адам ұсынған еді. Олардың саны неғұрлым көп болса, үміткердің жетістікке жету мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығымен марапаттау рәсімі 1901 жылдан бастап Осло қаласында өткізіліп келеді. Нобель қорының жарғысы бойынша, үміткерлерді ел парламенті мен үкімет мүшелері, халықаралық сот мүшелері, университет ректорлары, норвегиялық Нобель комитетінің қазіргі және бұрынғы мүшелері мен кеңесшілері ұсына алады.
Табиғат Нұрболат
Фото: dnaindia.com