АҚШ президенті Дональд Трамп Оңтүстік Кореядан импортталатын тауарларға салынатын кедендік баж салығын 15 пайыздан 25 пайызға дейін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
Тиісті мәлімдеме 26 қаңтар күні Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында пайда болды. Трамптың айтуынша, Оңтүстік Корея парламенті АҚШ-пен жасалған келісімнің шарттарын орындамай келеді.
"Президент Ли екеуміз 2025 жылғы 30 шілдеде екі елге де тиімді келісімге келдік. Біз бұл шарттарды 2025 жылғы 29 қазанда Кореяға жасаған сапарым кезінде тағы да растадық", – деп жазды Ақ үй басшысы.
АҚШ президенті бұл құжат әлі күнге дейін неге қабылданбағанына таңғалды.
"Кореяның заң шығарушы органы тарихи сауда келісімін қабылдамады, оны өздері біле жатар. Мен Оңтүстік Кореяға қатысты автокөлік, ағаш өнімдері, фармацевтика және басқа да барлық өзара тарифтерді 15 пайыздан 25 пайызға дейін көтеремін", – деді Дональд Трамп.
Оңтүстік Корея президентінің әкімшілігі АҚШ үкіметінен ресми хабарлама түспегенін хабарлады. Олар осы мәселеге байланысты шұғыл кеңес өткізілетінін айтты.
Былтыр шілде айының соңында Дональд Трамп АҚШ пен Оңтүстік Корея жаңа сауда шарттары бойынша келісімге келгенін қуана хабарлаған еді. Оған сәйкес, Оңтүстік Кореядан әкелінетін тауарларға 15 пайыздық баж салынады, ал АҚШ тауарларына Корея тарапынан тариф енгізілмейді. Ақ үй басшысының сөзінше, тиісті келісім нәтижесінде АҚШ-қа 350 млрд доллар көлеміндегі инвестиция құйылады. Сондай-ақ Сеул Вашингтоннан 100 млрд доллардың энергетикалық ресурстарын сатып алуы тиіс.