АҚШ президенттігіне үміткерлер – Дональд Трамп пен Камала Харрис 10 қыркүйекте өттетін теледебатта кездеседі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW-ге сілтеме жасап.
Тиісті ақпаратты дебат өткізетін ABC телеарнасы хабарлады.
"Вице-президент Харрис пен бұрынғы президент Трамп дебатқа қатысатындарын растады", - делінген Х желісіндегі хабарламада.
Демократтар атынан сайлауға түсетін Камала Харрис 10 қыркүйекте өтетін дебатқа қатысатынын айтты.
Осыған дейін Дональд Трамп Fox News, ABC және NBC арналарында 4, 10 және 25 қыркүйекте үш телевизиялық жарыс өткізуді ұсынған болатын. Оның сөзінше, вице-президент Харристің командасы теледебатқа қатысатынын растауы қажет.
Республикашылдар атынан президенттік сайлауға түсетін Трамптың мәлімдемесі бойынша Fox News және NBC арналары түсініктеме бермеді.