АҚШ сенаторлары мұны заңсыз деп санайды. Төрт республикашыл және үш демократ сенатор мәлімдеме жасап, Дональд Трампты отын жеткізу туралы шешімді қайта қарауға шақырды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
13 қазанда АҚШ сенаторларының бір тобы ел президенті Дональд Трампқа хат жолдап, Ресей президенті Владимир Путинмен жасалған дизель отынын жеткізу жөніндегі келісімнен бас тартуға шақырды.
Сенаторлар Трамп әкімшілігі Конгреспен ақылдаспағанын және заң талап ететіндей келісімге қатысты ешқандай түсініктеме бермегенін де атап өтті. Сенатор Ричард Блюменталь әлеуметтік желіде хаттың көшірмесін жариялап, Конгресс пен Америка халқының Украинадағы соғысты тоқтатуды қолдайтынын жеткізді.
Десе де, ол 4,5 жыл ішінде жүздеген мың адамның өмірін қиған соғысты аяқтау туралы келісім "әділ шарттармен" жасалуы керектігін атап өтті.
Хатқа қол қойған сенаторлардың пікірінше, АҚШ-тың Ресейден дизель отынын экспорттауға қатысты санкцияларды алып тастауы "Путинге әскери машинасын қаржыландыру үшін қосымша қаражат беріп, Ресейге Украинаның бейбіт тұрғындарына қарсы қатыгез шабуылдарын жалғастыруға мүмкіндік береді".
"Бұл келісім – қарсыласымызға жасалған сыйлық, ал одақтастарымызға жасалған опасыздық. Оны бұзу керек", – делінген сенаторлардың мәлімдемесінде.
Сенаторлардың пікірінше, Ресей дизель отынының әлемдік нарыққа жеткізілуі жанармай бағасының жоғары болуынан зардап шегіп отырған америкалық отбасылардың жағдайын айтарлықтай жақсартпайды. Осыған байланысты олар Дональд Трампты Ресейге және оның Украинадағы соғысты жалғастыруына мүмкіндік беріп отырған негізгі күштерге, соның ішінде Қытайға экономикалық қысымды күшейтуге шақырды.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Қаржы министрлігінің басшысы Скотт Бессентке де жіберілген хатқа алты демократ сенатор қол қойған. Олардың қатарында Ричард Блюменталь, Джинн Шейхин, Ричард Дурбин, Шелдон Уайтхаус, Джек Рид және Кристофер Кунс бар.
Сондай-ақ бастаманы алты республикашыл сенатор қолдаған. Олар – Митч Макконнелл, Том Тиллис, Сьюзан Коллинз, Алан Стюарт Армстронг, Лиза Мурковски және Джон Корнин.
9 қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы "өте сәтті" сөйлескенін жеткізген. Оның айтуынша, екі көшбасшы Ресей дизель отынын АҚШ пен әлемдік нарыққа жеткізу мәселесін келіскен.
Трамптың мәлімдеуінше, ресейлік компаниялар бірден 300 мың тоннадан астам дизель отынын жеткізеді. Қараша айында тағы 500 мың тонна, одан кейін, шамасы, желтоқсанда 1 миллион тонна жөнелтіледі. Ал кейіннен мұнай өңдеу зауыттарының жағдайына қарай тағы 3 миллион тонна жеткізу жоспарланған.
Өз кезегінде АҚШ Қаржы министрлігі Ресей дизель отынына қатысты америкалық санкциялардың қолданылуын 2027 жылғы сәуірге дейін тоқтата тұратын жалпы лицензия шығарды.
Трамптың пікірінше, Ресейден энергия ресурстарын жеткізу және АҚШ-тың Ормұз бұғазын "толық бақылауға алуы" нәтижесінде дизель отынының бағасы америкалықтар үшін де, әлем бойынша да айтарлықтай төмендейді.