АҚШ президенті Дональд Трамп Владимир Путинмен сөйлескеннен кейін Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW-ге сілтеме жасап.
"Қазір ғана Дональд Трамппен сөйлестім. Әңгімелесу ұзақ уақытқа созылды. Бейбітшілікке жету мүмкіндіктері, командалар деңгейінде бірігіп жұмыс істеуге дайын екендігіміз туралы сөйлестік", – деп жазды Зеленский.
Оның айтуынша, әріптесі Трамп Путинмен әңгімесінің барысы туралы айтқан.
"Украина бейбітшілікті бәрінен бұрын қалайды. Біз ресейлік агрессияны тоқтатып, сенімді әрі бейбітшілікке кепілдік беру үшін Америкамен бірлескен қадамдарымызды анықтайтын боламыз", – деді Украина басшысы.
Трамп пен Зеленскийдің әңгімесі шамамен бір сағатқа созылған. Бұл туралы Украина президентінің коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Дмитрий Литвин мәлімдеді.
Айта кету керек, осыған дейін Трамп пен Путин телефон арқылы сөйлескенін жазғанбыз.