Трамп Ресейге қарсы салынған санкцияларды бір жылға ұзартты

606

Бұл шектеулер Украинадағы мәселелерге байланысты қабылданып отыр.

Трамп Ресейге қарсы салынған санкцияларды бір жылға ұзартты

Құрама Штаттардың президенті Дональд Трамп Украинадағы жағдайға байланысты Ресейге қарсы салынған санкцияларды тағы бір жылға ұзартты. Бұл туралы Ақ үйдің ресми мәлімдемесінде хабарланған.

Президент қол қойған бұл құжатта ресми Мәскеудің саясаты мен әрекеттері әлі күнге дейін АҚШ-тың сыртқы саясаты мен ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіруде делінген.

Бұған дейін бұл санкцияларды Дональд Трамп 2018 жылдың 20 қыркүйегінде, ал экс-президент Барак Обама 2014 жылы Қырымға байланысты енгізген болатын. Трамптың айтуынша, шектеу шаралары 2020 жылдың 6 наурызына дейін және содан кейін де созылуы тиіс.

Құрама Штаттар Ресейге қарсы санкцияларды Украинадағы жағдай мен 2014 жылы Қырымның РФ құрамына қосылуына байланысты енгізіп келеді. Қара тізімге ресейлік компаниялар мен банктер, ірі бизнесмендер, Ресейдің жоғары лауазымды атқамінерлері енгізіліп, сондай-ақ америкалық тауарлар мен технологиялардың Қырымға экспортталуына тыйым салынды. Шектеу шаралары бұған дейін бірнеше мәрте ұзартылып, құжатқа қосымша өзгерістер енгізілген болатын.

Ескере кететін жайт, Украина, АҚШ және Еуропалық одақ Қырымның Ресейге қосылуы мен оның егемендігін әлі күнге дейін мойындамай келеді.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу