Трамп, Си Цзиньпин және Путиннің Қытайдағы тарихи келіссөзі аяқталды

240

Кездесу 1,5 сағатқа созылған.

Трамп, Си Цзиньпин және Путиннің Қытайдағы тарихи келіссөзі аяқталды Фото: rosbalt.ru

Шэньчжэньде өткен АТЭС саммиті аясында Дональд Трамп, Си Цзиньпин және Владимир Путин кездесті. Оның қорытынды декларациясында АҚШ, Қытай және Ресей басшылары БҰҰ-ны реформалау қажеттігін мәлімдеді. Украина мәселесі тиісті құжатта көрсетілмеген. Бұл туралы DW агенттігі жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Шэньчжэньдегі үшжақты келіссөздер қорытындысы бойынша АҚШ, Ресей және Қытай көшбасшыларының бірлескен "Бейбітшілік декларациясы" жарияланды. Тараптар құжатта БҰҰ-ны реформалау қажеттігін қолдады. Үш мемлекет мұнай өнімдерін өндіру мен тасымалдау көлемін ұлғайтуға ниетті. Сонымен қатар үш держава басшысы халықаралық қылмыстық сот пен осы тектес өзге де органдар "өз өкілеттіктерін асыра пайдаланбауы тиіс" деген ортақ байламға келді. Вашингтон, Мәскеу және Бейжің ядролық қатерлерді сейілту және ядролық қарудың таралуына жол бермеу бағытындағы диалогты жалғастырмақ. Бірлескен декларацияда Ресейдің Украинадағы соғысы туралы айтылмаған.

Ресейлік БАҚ-тың жазуынша, кездесуде Путин үш мемлекетті халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудағы ортақ жауапкершілік біріктіретінін айтқан. Ол жаһандық және өңірлік экономикалық байланыстарды, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікті, сондай-ақ Украина дағдарысын қоса алғанда, өңірлік қақтығыстарды реттеу мәселелерін талқылауды ұсынды. Ресей басшысы ортақ мүдделер қатарында халықаралық терроризмге және трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті атады.

Дональд Трамп Шэньчжэньге жасалған бұл сапардың үш ел көшбасшылары арасындағы алғашқы үшжақты келіссөзге жол ашқанын жеткізді.

"Біз – әлемдегі ең ірі елдердің басшыларымыз. Сол себепті өз мемлекеттеріміздің ғана емес, бүкіл ғаламшардың мүддесі үшін терең әрі өзара құрметке негізделген диалог жүргізуге тиіспіз", – деді Ақ үй басшысы.

Оның пікірінше, АҚШ, Қытай және Ресей ядролық қарудың таралу қаупіне қарсы бірлесе күресуі қажет.

Си Цзиньпин ірі мемлекеттер арасындағы ауызбіршілік әлемдегі қауіпсіздікті нығайтатынын, ал текетірес жаһанды бейберекетсіздікке ұрындыратынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл ретте ірі державаларға айрықша жауапкершілік жүктеледі. Қытай тарапы Ресеймен жан-жақты серіктестікті нығайтуға және АҚШ-пен сындарлы қарым-қатынас орнатуға күш салып отырғаны айтылды.

Айта кету керек, бұған дейін Си Цзиньпин, Путин және Трамп алғаш рет үшжақты келіссөз жүргізетінін жазғанбыз.

Трамп Қытай тарапы күткен мәлімдеме жасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу