Трамп стадионнан шыға сала Иранға соққы беруді бұйырған болуы мүмкін

АҚШ президенті ресми жұмыс кестесіне сай, Нью-Джерсидегі MetLife стадионынан жергілікті уақытпен сағат 18:59-да шыққан. 

Трамп стадионнан шыға сала Иранға соққы беруді бұйырған болуы мүмкін Фото: REUTERS / Lee Smith

 Ал бір минуттан соң АҚШ Орталық қолбасшылығы Иран аумағына жаңа шабуылдың басталғанын жария етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жаза кетейік, Дональд Трамп футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының финалын тамашалады. 

Бұл – АҚШ әскерінің Иранға қатарынан тоғызыншы түн жасаған шабуылы. Axios басылымы 3 сағатқа созылған соққы Иранның әскери басқару орталықтарын, әуе қорғанысы мен жағалауды бақылау жүйелерін, теңіз күштерінің нысандарын, зымырандар мен дрондарды ұшыру алаңдарын және байланыс желілерін қиын жағдайда қалдырды. 

АҚШ Орталық қолбасшылығы Иранның Ормуз бұғазы арқылы өтетін коммерциялық кемелер мен азаматтық теңізшілерге шабуыл жасау ықтималдығын әлсірету мақсатында жүргізілгенін растады. 

Вашингтонға оралған Дональд Трамп америкалық әскер Иранға әлі де өте ауыр соққы жасайтынын жеткізді. 

– Біз бүгін кешке оларға тағы да өте ауыр соққы бердік. Мұны қаза тапқан америкалық сарбаздардың құрметіне жасадық, – деді Трамп.

Десе де, CENTCOM операцияны Трамптың стадионнан шыққаннан кейін берген арнайы бұйрығымен бастағанын мәлімдеген жоқ. Ресми деректерде әскери шешімнің нақты қай уақытта қабылданғаны көрсетілмеген. Бұған дейін ұйым тікелей Трамптың бұйрығынан соң ғана жаңа шабуыл бастап жатқанын хабарлайтын-ды. 

Еске салайық, 2026 жылғы әлем чемпионатының финалында Испания құрамасы Аргентинаны 1:0 есебімен қапы қалдырды. Дональд Трамп матчтан кейінгі марапаттау рәсіміне қатысып, жеңімпаздарға медаль табыстаған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу