Дональд Трамп әкімшілігі Гарвард университетін шетелдік студенттерді қабылдау құқығынан айыруы мүмкін екенін ескертті. Осыған байланысты әлемге танымал ЖОО-ға бірқатар талап қойылып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Анадолы агенттігінің хабарлауынша, Ақ үй басшысы Дональд Трамп ең көне университеттердің бірін қатты сынға алды. Оның пікірінше, Гарвард Палестинаға қатысты наразылықтардағы ұстанымы үшін федералды қаржы алмауы тиіс.
"Енді Гарвардты лайықты оқу орны деп санауға келмейді. Ол әлемдегі ең үздік университеттер мен колледждердің қатарынан табылмауы тиіс", - деп жазды АҚШ президенті.
Трамп әкімшілігі мен Гарвард басшылығы арасындағы келіспеушілікке 2023 және 2024 жылдары университет кампусында өткен наразылық шаралары себеп болды. Бұл акцияларда Израильдің Газа секторындағы әскери шабуылы айыпталған болатын.
BBC жазуынша, АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі Гарвардтан 30 сәуірге дейін студенттік виза арқылы оқып жатқан шетелдік студенттердің "заңсыз және күш қолданған әрекеттері" туралы нақты мәліметтерді ұсынуды талап етті. Университет бұл талапты орындаудан бас тартқан жағдайда, шетелдік студенттерді қабылдау құқығынан айырылуы мүмкін.
ЖОО өкілдері CNN арнасына берген сұхбатында университет бұл талаптан хабардар екенін, алайда олар өздерінің ұстанымында қалатынын мәлімдеді. Университет өзінің тәуелсіздігінен әрі конституциялық құқықтарынан бас тартпайды.
Мұхит асып, АҚШ-та оқығысы келетін шетелдіктерде F немесе M санатындағы виза болуы тиіс. Мұндай визаларды алу үшін шетелдік студенттер мен алмасу бағдарламаларына (SEVP) сертификатталған оқу орындары ғана қажетті құжаттарды бере алады. Ал АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі бұл бағдарламаны жіті бақылайды. Демек, қажет деп тапса, кез келген оқу орнынан бұл сертификатты қайтарып та ала алады.
2024-2025 оқу жылында Гарвардта 6793 шетелдік оқыды. Бұл – барлық студенттердің шамамен 27%-ы. Университет пен Трамп әкімшілігі арасындағы келіспеушіліктер кесірінен 12 студенттің визалары қайтарылып алынған.