АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп Джорджиядағы митинг кезінде сайлауда жеңіске жеткенін мәлім етті. Сондай-ақ ол сайлауға қатысты жаңа деректердің жарияланатынын айтып, жиналғандарды сәл күтуге үндеді. Бірақ нақты қандай мәлімет екенін Ақ үй басшысы ашып айтпады.
Ескере кететін жайт, қазір Джорджия штатында Сенат сайлауының екінші айналымы өтіп жатыр. Оның қорытындысы Құрама Штаттар билігі үшін өте маңызды. Өйткені дауыс беруден кейін АҚШ Конгресінің Жоғарғы палатасында не демократтардың, не республикашылдардың басым болатыны анықталады.
Еске сала кетсек, АҚШ-тағы президенттік сайлау 3 қарашада өткен еді. Дауыс беру аяқталғаннан кейін бірнеше күннен соң бірқатар жергілікті басылым өз есептерін жариялап, Байден жеңіске жетеді деп мәлімдеген болатын. Өткен айдың ортасында Құрама Штаттардың сайлаушылар алқасы демократ Джозеф Байденді жаңа президент етіп бекітті. Қазіргі президент өзінің жеңілгенін мойындар емес. Трамп сайлаудың қорытындысына шағымданып, сотқа арыз берді. Байден болса, саяси тартыстың әділ өткенін айтып, халықты бірлікке үндеуде.
Табиғат Нұрболат