АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп бірқатар елді сөз бостандығын шектегені үшін Твиттер және Фэйсбук әлеуметтік желілеріне бойкот жариялауға үндеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz Sputnik International сайтына сілтеме жасап.
Ақ үйдің бұрынғы басшысы 9 маусымда Нигерияны Twitter-ді бұғаттап тастағаны үшін құттықтап, көптеген елдер осылай істеуі керек деп айтқан болатын.
"Ненің жақсы, ненің жаман екенін бізге айтатындай олар кім? Олардың өзі зұлымдықпен айналысады. Мен мұны президент болған кезде істеуім керек еді. Бірақ Цукерберг маған қоңырау шалып, Ақ үйге кешкі асқа келіп, маған жағынған болатын", – дейді Трамп.
6 маусымда Трамп Фэйсбук әлеуметтік желісінің басшысы Марк Цукербергті сөз бостандығы туралы заңды бұзды деп айыптап, аккаунтының бұғатталғанын сынға алған еді. Республикалық партияның жақтастары Капитолий ғимаратына баса-көктеп кіргеннен кейін Трамптың аккаунты екі жылға өшірілді.
Табиғат Нұрболат