АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп Украинадағы жағдайды реттеуге 2025 жылдың қаңтарында кіріседі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Трамп ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші лауазымына ұсынған Майк Уолтц Fox News арнасында мәлімдеді.
"Келіссөз үстелінде кім отыратынын, екі тарапты қалай отыратыны және келісімнің шарттары қандай болатынын талқылауымыз керек. Трамп әкімшілігі қаңтардан бастап жұмысқа кіріседі", – деді Уолтц.
Сонымен қатар америкалық саясаткердің пікірінше, еуропалық елдер Украина бойынша келіссөздер үдерісінде "басты рөлді" алуы керек.
"Біздің барлық одақтасымыз бен серіктесіміз бұл ауыртпалықты көтеруі керек", – деді ол.
Уолтц Трампты "жағдайдың шиеленісуіне және оның қалай өрбитініне қатты алаңдайтынын" айтты.
"Біз мұны жауабы бар қорытындыға келтіруіміз керек. Қарсы тұрып, бейбітшілікті қалпына келтіруіміз керек", – деп қосты АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесшісіне үміткер.