АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу ісінде тараптар айтарлықтай алға жылжығанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Трамптың айтуынша, Еуропа да, Ресей де қақтығысты аяқтағысы келеді.
"Еуропалық көшбасшылар өте үлкен қолдау білдіріп отыр. Олар да соғыстың аяқталғанын қалайды", – деді Ақ үй басшысы.
Оның сөзінше, қақтығысты аяқтау мәселесі бойынша еуропалық көшбасшылармен өте жақсы әңгіме өрбіген. АҚШ қақтығыстың қайта басталмауы үшін қауіпсіздік кепілдіктері жөнінде Еуропамен бірге жұмыс істеп жатыр, деді Трамп.
Трамп соңғы күндері Украина президенті Владимир Зеленскиймен, сондай-ақ Германия, Италия, Финляндия, Франция, Ұлыбритания, Польша, Норвегия, Дания және Нидерланды басшыларымен, сонымен қатар НАТО өкілдерімен ұзақ әрі мазмұнды келіссөздер жүргізген. Бұдан бөлек АҚШ президенті Ресей президенті Владимир Путинмен де бірнеше рет сөйлескенін растады.
Айта кету керек, бұған дейін Зеленский мен АҚШ делегациясы бейбіт келісім бойынша 5 сағаттан аса уақыт сөйлескенін жазғанбыз.