"Президент болсам, 24 сағатта соғысты тоқтатамын" деген ол енді уәдесін орындау үшін барынша тырысып бағуда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
АҚШ-тың қайта сайланған президенті Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда Сауд Арабиясы мен ОПЕК елдеріне мұнай бағасын төмендетуді ұсынған.
Оның сөзінше, мұндай қадам Украинадағы соғысты тезірек тоқтатуға қол жеткізеді.
– Егер мұнай бағасы төмендесе, Украинадағы соғыс бірден тоқтайтын еді. Қазір соғыс жалғасуы үшін баға айтарлықтай жоғары, – деп сөз сөйледі Трамп.
Ол АҚШ Украинадағы соғысқа тосқауыл болу үшін Қытаймен бірігіп жұмыс істейтінін мәлімдеген. Бұл мәселені Трамп ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен де талқылаған.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында Украина Кремльмен келіссөздерге тек Вашингтон тарапынан кепілдік берілген жағдайда ғана бара алатынын мәлімдеген.
– Жалғыз мәселе: қауіпсіздік кепілдіктері қандай болатынында. Шынымды айтсам, келіссөздерге дейін бәрін түсініп алғым келеді, – деген Зеленский.
Айтпақшы, Трамптың Украинадағы арнайы өкілі Кит Келлогқа соғысты 100 күнде тоқтатуды тапсырғаны жайлы ақпарат бар. Шыны керек, аталған тапсырманың орындалатынына сенетіндер аз. Трамп егер Путин Украинадағы соғысты тоқтату туралы келіссөздерден бас тартса, Ресейге қарсы жаңа санкциялар салуға дайын екенін ескерткен.