АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында Америка туымен түстес Венесуэла картасын жариялап, астына "51-ші штат" деген жазба қалдырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
11 мамырда Ақ үй басшысы Fox News арнасына "Венесуэланы АҚШ-тың 51-ші штаты етуді қарастырып жатқанын" айтқан болатын.
Трамп мәлімдемесінің нақты мәні әлі толық анықталған жоқ. Осыдан кейін Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригес тілшілерге берген сұхбатында өз елінің АҚШ-тың 51-ші штаты болмайтынын айтты.
Родригес Гаагадағы Халықаралық сотта өз елі мен көршілес Гайана арасындағы кең әрі минерал мен мұнайға бай Эссекибо аймағындағы дау бойынша тыңдаулардың соңғы күнінде сөз сөйледі.
"Біз өз тұтастығымыз бен егемендігімізді, тәуелсіздігімізді, тарихымызды қорғауды жалғастырамыз. Венесуэла "отар емес, еркін ел",- деп мәлімдеді ол.
Естеріңізге сала кетейік, 3 қаңтарда Венесуэланың бұрынғы президенті Николас Мадуро мен оның әйелі Силия Флорес "Абсолютті шешім" операциясы аясында АҚШ арнайы күштерімен тұтқынға алынды. Олар алдымен Венесуэладан Гуантанамо шығанағындағы АҚШ әскери-теңіз базасына, кейінірек Нью-Йоркке жеткізілді. Мадуро және оның әйелінің қатысуымен өткен алғашқы сот отырысы 5 қаңтарда өтті.