Венесуэла өз мұнайын сатудан түсетін қаражатқа АҚШ-та өндірілген өнімдерді ғана сатып алады. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасап.
"Маған Венесуэланың мұнайға қатысты жасалған жаңа келісім аясында түсетін қаражатқа америкалық өнімдерді ғана сатып алатыны туралы ақпарат түсті", – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Ақ үй басшысының сөзінше, бұл АҚШ-тың ауыл шаруашылығы өнімдеріне, дәрі-дәрмектерге және энергетика жүйесіне арналған жабдықтарға қатысты болмақ.
"Яғни Венесуэла АҚШ-пен негізгі сауда серіктесі ретінде жұмыс істеу міндеттемесін алады. Бұл дұрыс шешім. Ол Венесуэла мен АҚШ халықтары үшін өте тиімді", – деп атап өтті АҚШ президенті.
Айта кету керек, бұған дейін АҚШ 66 халықаралық ұйымнан шығатынын жазғанбыз.