Трампқа Украинаны Ресеймен келіссөздер жүргізуге мәжбүрлеу ұсынылды

226

Трамптың бұрынғы кеңесшілері оған Украинадағы соғысты аяқтау жоспарын ұсынды.

Трампқа Украинаны Ресеймен келіссөздер жүргізуге мәжбүрлеу ұсынылды Фото: © flickr.com / Gage Skidmore

Дональд Трамп 2024 жылғы қарашадағы президенттік сайлауда жеңіске жеткен жағдайда Украинаны Ресеймен бейбіт келіссөздерді бастауға мәжбүр етуі мүмкін, ол үшін Трамп америкалық қару-жарақ жеткізуді тоқтататынын айтып қорқытуға дейін баруы ықтимал, деп жазады Inbusiness.kz сайты. 

Reuters агенттігі хабарлағандай, Украинадағы соғыстың осылайша аяқталу жоспарын Трампқа оның бірінші президенттік мерзіміндегі Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілері - отставкадағы генерал-лейтенант Кит Келлогг пен Фред Флейтц ұсынды. Олардың айтуынша, Украина бойынша стратегия экс-президентке ұсынылып, оның "оң жауабын" алды. "Мен ол жоспармен толыққанды немесе оның әрбір сөзімен келісті демеймін, бірақ біз мұндай жауап алуға қуаныштымыз", - деді олардың бірі.

Осы жоспарға сәйкес бейбітшілік туралы келіссөздер "қазір қалыптасқан майдан сызығын" ескере отырып жүргізілуі керек. Киев Ресей Федерациясына өз аумақтарын ресми түрде беруге міндетті емес. Дегенмен, Reuters агенттігімен сөйлескен Флейтц украин әскерлері жақын арада Ресей армиясы басып алған аймақтарды бақылауға ала алатынына күмән келтірді. 

Сонымен бірге, егер Ресей келіссөздерден бас тартса, Келлогг пен Флейтц Украинаға әскери қолдауды күшейтуді ұсынады. Сонымен қатар, жоспарда тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу үшін Вашингтон Украинаны мүмкіндігінше қаруландырып, елге қосымша қауіпсіздік кепілдіктерін беруі керек екендігі атап өтілген.

Дональд Трамптың сайлауалды штабының өкілі Стивен Чунг экс-президенттің жоспармен танысқанын жоққа шығармады, бірақ Трамптың өзі мен оның сайлауалды командасының мүшелерінің мәлімдемелерін ғана ресми деп санауға шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу