АҚШ-тың бұрынғы ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон өзіне тағылған құпия ақпараттың таралуына байланысты айыптардың ешқайсысын мойындамады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW басылымына сілтеме жасап.
CNN хабарлауынша, алғашқы сот отырысы Мэриленд штатындағы Гринбелт қаласында өтті. Болтон сотқа келген кезде журналистерге пікір білдіруден бас тартты, ал отырыс кезінде өзінің кінәсіз екенін мәлімдеді. Кейін ол елден кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Келесі тыңдау 21 қарашаға белгіленді.
Тергеу материалдарына сәйкес, Болтон құпия деректерді жеке электрондық пошта мен мессенджерлер арқылы әйелі мен қызына жіберген деп күдіктеледі. Бұл деректерде АҚШ әскерінің алдағы операциялары мен шетелдік саясаткерлер туралы мәліметтер болған.
2025 жылы 22 тамызда ФБР Болтонның кеңсесі мен үйінде тінту жүргізіп, жаппай қырып-жою қаруы, АҚШ-тың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігі және үкіметтің стратегиялық коммуникациялары жөніндегі құжаттарды тапқан.
16 қазанда Мэриленд штатының алқабилер соты Болтонға құпия ақпаратпен дұрыс жұмыс істемеу бойынша ресми айып тақты. Оған сегіз эпизод бойынша құпия деректерді үшінші тұлғаларға беру және 10 эпизод бойынша заңсыз сақтау айыбы тағылды. Әрбір бап бойынша ең жоғары жаза – 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Болтон өз ісін АҚШ Әділет министрлігінің оның "The Room Where It Happened: A White House Memoir" (2020) атты кітабын жариялауға кедергі келтіру әрекетімен байланыстырады. Кітапта ол Трамп әкімшілігін қатты сынға алған болатын.
Оның айтуынша, Ақ үй сол кезде кітаптың шығуына тосқауыл қою арқылы Трамп туралы жағымсыз ақпараттың 2020 жылғы президенттік сайлау қарсаңында жария болмауын көздеген.
АҚШ Әділет министрлігі болса, кітапта құпия мәліметтер бар деген уәж келтірген. Болтон өз сөзінде, кітапты жариялар алдында арнайы қызметтерге тексеруге жібергенін және барлық даулы тұстар жойылғанын айтқан.
Кітап жарық көргеннен кейін Дональд Трамп Болтонды "заңсыз түрде көптеген құпия мәліметті әшкереледі" деп айыптап, оны "түрмеде отыруы тиіс түкке тұрғысыз адам" деп атаған еді.