АҚШ-тағы Флорида штатының заң шығарушы органы Палм-Бич халықаралық әуежайын ел президенті Дональд Трамптың атымен қайта атау туралы құжатты мақұлдады. Енді бұл заңға штаттың губернаторы Рон Десантис қол қоюы қажет, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты АЗЕРТАДЖ агенттігіне сілтеме жасап.
Заң жобасы бойынша Палм-Бич халықаралық әуежайына президент Дональд Трамптың есімін беру ұсынылып отыр. Бұған дейін тиісті бастаманы Өкілдер палатасы қолдаған болатын, енді құжатты Флорида Сенаты да мақұлдады. Сенат пен Өкілдер палатасында республикалық партияның депутаттары басымдыққа ие.
Республикашыл сенатор Дэнни Берджесстің айтуынша, қазіргі президенттің Американы құтқару жолында жасаған еңбегін мойындайтын кез келді.
Штат губернаторы Рон Десантис бұл заң жобасына қатысты түпкілікті шешімін айтпады. Ақ үй басшысы 2024 жылғы республикалық праймериз кезінде губернаторды қатаң сынға алған болатын. Кейін шенеунік Дональд Трамптың кандидатурасын қолдады. Құжат заңды күшіне енуі үшін Федералдық азаматтық авиация басқармасы тарапынан да мақұлдануы тиіс. Өзгерістер шілде айының басында күшіне енуі мүмкін.
Палм-Бич халықаралық әуежайы Трамптың Мар-а-Лаго клубына жақын маңда орналасқан. АҚШ президенті бұл әуе айлаққа президенттік Air Force One ұшағымен жиі барады.
Бұған дейін The New York Times газеті елдегі екі әуежайға Трамптың аты берілуі мүмкін екенін жазды. Бұл Палм-Бичтен бөлек, Вашингтон маңындағы Даллес атындағы халықаралық әуежайға да қатысты. Басылым атап өткендей, әдетте әуежайлар мен түрлі нысандарға америкалық президенттердің есімі олардың өкілеттігі аяқталғаннан кейін немесе өмірден өткен соң ғана беріледі.