Трамптың командасы Қазақстандағы ең ірі вольфрам кен орнына қызығып отыр

880

Вольфрам – Пентагонның оқ-дәрі, снаряд және өзге де әскери құралдар өндірісінде пайдаланатын стратегиялық металл.

Трамптың командасы Қазақстандағы ең ірі вольфрам кен орнына қызығып отыр Фото: kz24.news

Бұл туралы Bloomberg агенттігі жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

АҚШ Президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Қазақстандағы әлемдегі ең ірі барланбаған вольфрам кен орындарының біріне қол жеткізу үшін америкалық Cove Capital компаниясына көмектесу мақсатында келіссөздер жүргізіп жатыр.

АҚШ-тың Сауда министрі Ховард Латник Cove Kaz Capital Group LLC мен Қазақстанның егеменді әл-ауқат қоры – "Самұрық-Қазына" арасында Орталық Азиядағы екі ірі кен орнын игеру бойынша өтініш беру мәселесінде делдалдық жасап жатыр.

Келіссөздер АҚШ-тың Қытайдан жеткізілетін сирек кездесетін элементтер мен маңызды минералдардан тәуелсіздік алу мақсатындағы сауда саясаты аясында жүргізіліп отыр. Бұл – екі алпауыт экономика арасындағы сауда қақтығысының бір көрінісі. Келісімнің нақты шарттары әлі пысықталып жатыр, бірақ Bloomberg дереккөздері АҚШ тарапынан несие түрінде қолдау көрсету нұсқасы қарастырылып жатқанын айтады.

Cove Kaz Capital бірнеше айдан бері "Самұрық-Қазынамен" келіссөздер жүргізіп келеді. Алайда, компания мемлекет қолдауына ие қытайлық бәсекелеспен бәсекеге түсіп отыр, ол нарықтан жоғары баға ұсынуға дайын. 

Bloomberg-тің пікірінше, бұл жағдай Трамп әкімшілігінің ұлттық қауіпсіздік үшін маңызды саналатын активтерге қол жеткізу мақсатында дәстүрлі емес құралдарды пайдалануға дайын екенін көрсетеді. Басқа елдің егеменді қорымен тікелей келіссөздер жүргізу, әдетте, жекеменшік компаниялардың еншісінде, ал бұл жолы жоғары лауазымды тұлғалар іске араласып отыр.

Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы вольфрам қоры миллиардтаған доллар көлемінде бағаланады. "Самұрық-Қазына" өз сайтында "Верхнее Кайракты" мен "Солтүстік Қатпар" кен орындарын атап көрсеткен. Қордың пікірінше, бұл жобалар Қазақстанды әлемдік вольфрам нарығының негізгі ойыншысына айналдырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу