Десе де, Трамптың 1,5 миллион палестиналықты араб елдеріне көшіру туралы идеясы жүзеге аспайтын түрі бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Себебі, бұл ұсыныс ХАМАС-тың және Газадағы анклавты басқарып отырған палестиналық радикал топтың тарапынан қабылданбаған және Иордания мен Мысыр да бұл ұсынысқа қарсы шыққан.
Иорданияда бірнеше миллион палестиналық тұрады, Мысырда да жүздеген мың палестиналық өмір сүріп жатыр. Бұл екі ел және басқа да араб мемлекеттері Газадан палестиналықтарды өзіне көшіру идеясын қабылдамайды әрі қолдамайды. Өйткені, олар Газаның жерін болашақ Палестина мемлекетінің бөлігі ретінде қарастырады.
АҚШ президенті мұндай ойы бар екенін БАҚ өкілдеріне ашық айтып отыр. Иордания королі ІІ Абдулламен хабарласып, өтінішін білдіріп те үлгерген. Бірақ Иорданияның сыртқы істер министрі корольдіктің палестиналықтарды көшіруге түбегейлі қарсы екенін жеткізген. Ақ үй басшысының аталған мәлімдемесі палестиналықтардың наразылығын тудырса, ХАМАС пен Палестина әкімшілігі ұсынысты қатаң сынға алған.
Соңғы 15 айда соғыс салдарынан Газа тұрғындарының көпшілігі үйінен қуылып, аймақ инфрақұрылымының басым бөлігі жойылған БҰҰ-ның есебінше, Газадағы ғимараттардың 60%-ы қираған және оларды қалпына келтіруге ондаған жыл кетуі ықтимал.
Израиль қаржы министрі Бецалель Смотрич Газадағы еврей қоныстанушыларын қайта орналастыруды қолдап, Трамптың бұл ұсынысын "өте жақсы идея" деп бағалаған. Тіпті, оны жүзеге асыру үшін жоспар әзірлеуге тырысатынын жеткізген. Десе де, Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху мұндай ұсыныстарды қабылдамайтынын бірнеше рет мәлімдеген еді.
– Біз Трамптың ұсыныстары мен шешімдеріне қарсымыз, тіпті олар жақсы ниетпен жасалған болса да, қайта құру немесе қалпына келтіру деген атаумен жасалған ұсыныстар болса да, – деді ХАМАС саяси кеңесінің мүшесі Басем Наим Reuters агенттігіне берген сұхбатында.
Тағы бір ХАМАС өкілі Сами Әбу Зухри Трампты өзінің алдындағы президент Джо Байденнің "жоғалған" идеяларын тықпаламауға үндеді.
"Газа халқы өлім мен қырып-жоюды бастан өткеріп, өзінің жерінен кетуден бас тартты. Олар жерін тастап кетпейді", – деді Әбу Зухри Reuters агенттігіне.
Сонымен қатар, Иорданияның сыртқы істер министрі Айман Сафади да Иорданияның Газадан палестиналықтарды көшіруге қарсы екенін және осы мәселедегі елдің ұстанымының "берік әрі өзгермейтінін" айтты. Мысыр сыртқы істер министрлігі де осы пікірде екенін ашық айтқан.
Палестина президенті Махмуд Аббас Трамптың пікірін айыптап, өзінің ресми жаңалық агенттігі WAFA-да: "Біздің халқымыз табанды болып қалады және өз жерінен кетпейді" деп мәлімдеген.
Трамп Иордания патшасы Абдалламен сенбі күні жасаған телефон әңгімесінен кейін журналистерге "Одан көбірек көмек көрсетуін сұрадым, өйткені мен қазір Газа аймағын көріп тұрмын, ол – шын мәнінде үлкен апат. Мен оған адамдарды қабылдауды ұсындым" деп айтқан.
Сонымен қатар, АҚШ басшысы Мысыр президенті Абдель Фаттах әл-Сисимен сөйлесетінін мәлімдеген.
АҚШ өткен жылы палестиналықтарды күшпен көшіруге қарсы екенін айтқан болатын. Құқық қорғаушы ұйымдар мен гуманитарлық агенттіктер бірнеше ай бойы Газадағы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, соғыстың салдарынан халықтың көпшілігі көшуге мәжбүр болғанын және ашаршылық дағдарысын ерекше атап өткен болатын.
– Этникалық тазалау ешқандай "жоғары деңгейдегі ойлау" емес, ол – заңсыз, моральға қарсы және жауапсыз, – деп жазды БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі арнайы баяндамашысы Франческа Албанезе X әлеуметтік желісінде.