АҚШ президенті Дональд Трамп жақында Ақ үйде журналистермен кездесіп, әйелдерге тайленол немесе парацетамол деген атпен белгілі ацетаминофенді қолданбауға шақырды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оның ойынша, бұл препарат балаларда аутизм ауруының туындау мүмкіндігін арттырады екен.
Алайда, осы сөзі үшін Трампты қазір бүкіл әлем сарапшылары айыптап жатыр. Медицина мамандарының пікірінше, Құрама Штаттар лидері парацетамолға әдейі сенімді сетінетіп, әйелдердің өмірін қауіпке душар етіп отыр.
Парацетамол шынында да аутизмге себеп бола ала ма, ғылым не дейді?
Қысқаша жауап: жоқ. Аутизмнің дамуында генетика маңызды рөл ойнайды. Десек те, бүгінде ғалымдар қоршаған орта, ата-аналардың жасы, мерзімінен бұрын босану, дәрілердің әсері, инфекциялар, табиғаттағы химиялық заттар тәрізді факторлардың бұл аурудың туындауындағы потенциялдық рөлін де зерттеп жатыр.
"Біз тұқым қуалайтын дерттердің немесе отбасылық факторлардың айтарлықтай әсер ететінін жақсы білеміз. Бірақ сол генетикалық тенденциялар қоршаған ортамен өзара әрекеттесе алады", – дейді Швецияның Каролинска институтының эпидемиология кафедрасының доценті Рене Гарднер.
Парацетамол 1950 жылдардан бері ауырсынуды жеңілдету үшін кеңінен қолданылып келеді. Оны Британияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі жүктілік кезінде ауруды басатын алғашқы құрал ретінде пайдалануға кеңес береді. Дегенмен, кейінгі кездері жүргізілген бірқатар зерттеулерге қарағанда, парацетамолды жүктілік кезінде қолданған әйелдердің аутизм диагнозымен бала туу ықтималдығы жоғары.
Ал Ұлыбританияның Дәрілер мен денсаулық сақтау өнімдерін реттеу агенттігінің мәлімдеуінше, жүктілік кезінде парацетамол ішкен әйел өмірге аутизмді нәресте әкеледі деген уәжге ешқандай дәлел жоқ. Осындай тоқтамға жыл басында жапондық зерттеушілер де келген.
Неліктен аутизмге шалдыққандар көбейіп барады?
Осыдан 40 жыл бұрын әрбір 10 000 адамның төрт-бесеуіне ғана аутизм диагнозы қойылатын. Қазір бұл көрсеткіш 1%-дан 3%-ға дейін өсті. Мұндай науқастар ересектермен бірге жас балалар арасында да көбейді. Трамптың денсаулық сақтау министрі кіші Роберт Ф.Кеннеди бұл жағдайды "эпидемия" деп сипаттады.
Дегенмен, көптеген зерттеушілер бұл өсім дәрігерлердің аутизмді диагностикалау ауқымының кеңеюімен, көбірек хабардар болуымен, клиникаларда диагностика сапасының артуымен байланыстырып отыр. Сонымен қатар, осындай науқастардың көбеюіне әлі сыры ашылмаған экологиялық факторлар да ықпал етіп жатса керек.
"Аутизм терминіне мінез-құлық бұзылушылықтарының әлдеқайда кең ауқымды спектрі қосылды", – дейді Астон университетінің когнитивті нейробейнелеу бойынша құрметті профессоры Джина Риппо Британияның "Гардиан" газетіне берген сұқбатында.
АҚШ-та енді не өзгереді?
АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы аутизм мен жүктілік кезінде препаратты қабылдау арасында "мүмкін байланыс" барын ескерту үшін тайленол (парацетамол) жөніндегі нұсқаулықты өзгертеді. Сөйте тұра, бұл агенттік тайленол мен аутизм арасындағы "себеп-салдарлық байланыс нақтыланбағаны" турасында да бүкіл ел дәрігерлеріне хабарлама жіберген. Сондай-ақ аталған басқарма парацетамолдың жүктілік кезінде дененің қызуын емдеуге арналған жалғыз ғана рұқсат етілген дәрі екенін мәлімдеп, жоғары температураның құрсақтағы нәрестелерге қауіп төндіруі мүмкін екенін де атап өткен.
Дегенмен, кейбір сарапшылардың ойынша, Трамптың ойланбай айтқан сөзі талай пациенттің санасында күмән ұялатуы ықтимал.
"Сіз сол жерде отырып, шешімді таразылауды елестете аласыз ба? Дәрігер сізге препарат қауіпт емес дейді. Ал сол дәрінің қорабында сіздің туылмаған нәрестеңізге зиян тигізуі мүмкін екені жазылады. Бұл ата-аналар үшін жаман жағдай ғой", – дейді Гарднер.