АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездеседі. Онда Украина бойынша бейбіт жоспардың соңғы нұсқасы келісіледі деп күтілуде. Сондай-ақ бұл мәселе бойынша АҚШ армиясының министрі Дэниел Дрисколл Украина тарапымен Киевте кеңес жүргізеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Ақ үй басшысы Truth Social желісінде жазды.
"АҚШ дайындаған 28 тармақтан тұратын бейбіт жоспардың бастапқы нұсқасы екі тараптың қосымша ұсыныстарымен толықты. Қазір мұнда дау тудыратын бірнеше тармақ қана бар", – деді Трамп.
Бұл ретте Дональд Трамп Владимир Путинмен және Владимир Зеленскиймен кездесуді асыға күтетінін айтты. Алайда Трамптың айтуынша, бұл жүздесу Украинадағы соғысты аяқтау туралы түпкілікті келісім жасалғанда ғана мүмкін болмақ.
23 қараша күні Женевада АҚШ, Украина және бірнеше еуропалық елдердің делегациялары Вашингтон ұсынған Украинадағы соғысты тоқтатуға арналған бейбіт жоспарды талқылады. Құжаттың бастапқы нұсқасында Мәскеудің талаптарына сай бірқатар тармақтар болған. Кейін құжатқа қатысты кейбір өзгерістер енгізу жөнінде келісімге қол жеткізілген.