Теннеси штатының өкілі Энди Оглс Даниямен келіссөздер жүргізу үшін Трампқа өкілеттік беретін заң жобасын әзірлеп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Fox News Digital басылымының мәліметінше, бұл заң жобасы "Гренландияны қайта ұлы етейік туралы заң" (ағылш. Make Greenland Great Again Act) деп аталады.
"Джо Байден соңғы төрт жылда біздің беделімізді түбірімен құртты. Ал Дональд Трамп президент ретінде қызметіне кіріспей жатып-ақ әлемге "Америка бірінші" саясатының қайта оралғанын көрсетіп жатыр. АҚШ-тың экономикалық және қауіпсіздік мүдделері енді ешқашан кейінге шегерілмейді. Республикалық партияның өкілдері Трамптың америкалықтар үшін нәтижеге қол жеткізуіне көмектесуге дайын", – деді Оглс Fox News Digital басылымына берген сұхбатында.
Аталған заң жобасы ант беру рәсімінен кейін бірден Даниямен келіссөздер жүргізуге мүмкіндік береді.
"Дания Корольдігімен Гренландияны АҚШ-қа қосу туралы келісімге келгеннен кейін 5 күн ішінде президент барлық тиісті құжаттар мен материалдарды Конгресс комитеттеріне тапсыруы керек", – делінген заң жобасында.
Айта кетейік, Гренландия Солтүстік Америкада орналасқанымен, Еуропамен тарихи-мәдени және геосаяси байланыстарға ие екенін атап өткен жөн.