SpaceX компаниясының алдағы IPO-сы Илон Маскты ғана емес, АҚШ президенті Дональд Трамптың айналасындағы адамдарды да байытуы мүмкін. Бұл туралы Bloomberg жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD-ке сілтеме жасап.
12 маусым күні SpaceX компаниясы 555 миллион акцияны 135 доллардан сатпақшы. Акцияны орналастырудың жалпы көлемі 75 миллиард долларды құрауы мүмкін, SpaceX-тің бағалауы бойынша 1,75 триллион долларға жетпек.
Bloomberg хабарлауынша, АҚШ әкімшілігі мен шенеуніктерінің кем дегенде он өкілінде SpaceX немесе SpaceXAI компанияларында үлестері бар. Олардың арасында Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф, АҚШ шағын бизнес әкімшілігінің басшысы Келли Леффлер, SpaceX-тің бұрынғы қызметкері және қазіргі жалпы қызметтер басқармасы басшысының орынбасары Майкл Линч, сондай-ақ америкалық бірнеше елші бар.
SpaceX биржаға шыққаннан кейін бұл үлестердің нақты нарықтық құны пайда болып, акциялар өскен жағдайда олардың иелері табыс табады. Бұл жайт қазірдің өзінде ықтимал мүдделер қақтығысын туғызуы мүмкін екені айтылуда. Себебі Илон Масктың компаниялары АҚШ билігінен миллиардтаған долларлық келісімшарттар алады. Енді оның нарықтық құнының өсуінен президент әкімшілігімен байланысы бар адамдар пайда көруі мүмкін.