Трансформатор құрылысы тағы да кейінге қалды

810

Атырау қаласы Зарослый елді мекенінің тұрғындары жарық проблемасын айтып, наразылыққа шықты. 

Трансформатор құрылысы тағы да кейінге қалды Фото: google

Сөздерінше, әкімдіктегілер уәде еткен уақытта жұмысты аяқтамай, трансформатор құрылысын тағы кейінге шегеріпті. Салдарынан тоқ қуаты жетпей, тұрмыстық техникалар бірінен соң бірі күйіп жатыр. 

300 ге тарта түтіні бар елдімекендегі трансформатор құрылысы өткен жылы басталған. Жұрт жарыққа жыл аяғында жаруы тиіс еді. Белгісіз себеппен жұмыс тағы кейінге шегеріліпті. Бұл бұқараның көңіліне жақпады. 

"Трансформатор бәрі алынып тұр, қосамыз деді. Содан бері ештеңе жоқ.Қыс бойына бір де бір жұмысшыны көрмедік. Бір де бір электрик көрген жоқпыз", дейді Зарослый ауылының тұрғыны Светлана Құспантаева.

Қуаттың жетпеуінен тұрғындардың тұрмыстық техникасы күйіп, шығынға әбден батқан. Барлық қызметтің ақысын төлеп отырмыз деп ашынған жұрт, мәселенің жуық арада шешілгенін қалайды. 

"Өткен жылы осындай уақытта жиналдық.Мейірім Қалауидың өзі келді. Жылдың аяғына дейін бәрін аяқтап береміз деді. Жарық болады деп уәде беріп кеткен.Қазір енді әкімдіктен келген жауап тағы да шілдеге дейін деп отыр. Техниканың бәрі күйіп кетті", дейді Зарослый ауылының тұрғыны Эльмира Мұртазаева.

Жұртпен жүздесуге келген округ әкімі трансформаторлардың кезінде ұрланғанын айтады. Ал қазіргі жұмысты "Icom ltd" серіктестігі жүргізіп жатыр екен. Оған қазынадан 1 млрд теңге бөлінген. Шенді, құрылыс осы жолы нақты соңына жетеді деп сендірді.

"Маусым, мамыр айында Зарослый тұрғын үй алабы толығымен жарықпен қамтамасыз етіледі. Уәде беремін", дейді Атырау ауылдық округінің әкімі Нұрлан Қалмурзин.

Бұған дейін қала әкімінің сөзіне сеніп, сонда да жарымаған тұрғындар жарықты тағы жарты жыл күтулері керек. Округ әкімі уәдесінде тұрмаса, жазда да наразылыққа шығамыз деп отыр. Айта кетсек, елдімекенде су мен қоқыс жәшіктерінің де мәселесі реттелмеген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу