Оны жүзеге асыру үшін екі ел арасында Транскаспий халықаралық көлік бағытындағы контейнерлік пойыздарға жағдай жасау бойынша келісім жасалды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бүгін Сенат отырысында "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай – Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту жөніндегі келісімді ратификациялау туралы" Заң мақұлданды. Келісімге 2023 жылғы 17 қазанда Бейжің қаласында (ҚХР) қол қойылды. ҚХР Келісімді ратификациялады.
"Транскаспий халықаралық көлік-транзиттік бағытын дамытуды және осы саладағы ынтымақтастықты өрістетуді көздейтін бұл келісім Қытайдан Азия арқылы Еуропаға жүктерді тасымалдаудың көлемі мен тиімділігін арттыруға, сауда-экономикалық байланыстарды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мамандар осы бағытты дамыту арқылы жүктерді тасымалдау уақыты 28-30 күннен 14 күнге, яғни 2 есеге, ал Қазақстан аумағы арқылы 5 күнге дейін қысқарады деп болжам жасайды", — деді сенатор Андрей Лукин.
Биыл Сиань құрғақ портында іске қосылған Көлік-логистикалық орталық Қытай мен Еуропалық Одақ арасындағы контейнерлік пойыздардың жалпы көлемінің 40 %-ын құрайтынын ескерсек, сенатор Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде еліміз арқылы Еуропаға жол тартатын контейнерлік пойыздар тасымалын жетілдіру – Қазақстанды Еуразия құрлығындағы негізгі транзиттік хабтың біріне айналдыратын, тарихи Жібек жолын жандандыратын қадам болмақ дегенді алға тартады.
Жалпы 2027 жылға қарай осы дәліз арқылы жүк тасымалдау көлемін жылына 10 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланған.