Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Орталық Азия – Еуропалық Одақ" басшыларының екінші кездесуінде айтты, деп жазады inbusiness.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту. Орталық Азия "Қытай – Еуропа" бағыты бойынша құрлықтағы транзиттік тасымалдардың 80%-дан астамы үшін өзіндік көпір саналады. Бұл ретте қазіргі кезеңде Транскаспий халықаралық көлік бағыты стратегиялық маңызға ие болды. Бұл бағыт өңірлеріміз арасындағы өзара қарым-қатынас деңгейін едәуір арттыра алады", - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Қытайға жасаған мемлекеттік сапарының аясында қытайлық серіктестермен бірге Сианьда логистикалық терминалдың іргетасы қаланғанын еске салды.
"Бұл порт Орталық Азия территориясы арқылы Еуропаға тікелей контейнерлік пойыздарды жіберу үшін маңызды хаб болмақ. Сондай-ақ біз Транскаспий бағытын Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" бастамасымен ұштастыруға уағдаластық. Былтыр осы күре жол арқылы шамамен 1,7 млн тонна жүк тасымалданғанын атап өткім келеді. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен екі есе көп", - деді ол.
Еске салайық, осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев "Орталық Азия – Еуропалық Одақ"басшыларының екінші кездесуінде сөз сөйлегенін жазған болатынбыз.