"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басшысы Қанат Алпысбаев Түркияның көлік және коммуникациялар министрі Ахмед Арсланмен кездесті. Кездесу барысында Транскаспий халықаралық көлік бағдарындағы "Орта дәлізді" дамыту мәселесі қаралды, деп хабарлайды "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі.
Тараптар 2018 жылы ТККБ аумағында төрт миллион тонна жүк тасымалдау, оның ішінде 15 мың ЖФЭ контейнерлік (75 мың тонна) бағдар жоспарлауға келісті.
Сонымен қатар халықаралық дәліздегі қызметті одан әрі дамыту, жүк тасымалын тоқталыссыз ұйымдастыру, бағдардағы тарифтік қолайлы ахуалды жасау жайлары талқыланды.
Қанат Алпысбаевтың айтуынша, ТККБ қатысушы елдердің белсенділігі нәтижесінде жүк тиеу көлемін көтеруге, инфрақұрылымға жаңа жүк ағындарын тартуға мән берілу керек.
"ТККБ мультимодальдық тасымалдаудағы жүк ағынын арттыру, мониторинг жүргізу арқылы пойыздар қиындықпен өтетін тұстарды анықтау, ол жерлердегі инфрақұрылымды жаңғырту көзделеді",-дейді "ҚТЖ" ҰК" АҚ басшысы.
Кездесуде ТККБ 2018 жылға арналған тарифтік мөлшерлеме жайы, 2018 жылы Баку-Тбилиси- Карс жаңа теміржол желісінің қоса алғандағы әлеуеті талқыланып, бекітілді.