Трансшекаралық хабтарды толық іске қосу салық түсімдерін арттырады – Олжас Бектенов

126

Сонымен қатар жүк қозғалысын айтарлықтай қысқартады.

Трансшекаралық хабтарды толық іске қосу салық түсімдерін арттырады – Олжас Бектенов Фото: Үкімет

Хабтардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға көңіл бөлу қажет. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазақстан Орталық Азияның негізгі көлік торабына айналуы керек. Мемлекет басшысы алдымызға осындай міндет қойып отыр. Сондықтан сауда-логистикалық хабтарды құру – трансшекаралық экономикалық байланыстарды дамытудың маңызды стратегиялық бағыты. Қазір транзиттік бағыттар мен инвестициялар үшін бәсекелестік күшейіп келеді. Осыған орай бізге жерүсті көлік инфрақұрылымын, өнеркәсіптік кооперация мен сауда желілерін жедел дамыту қажет. Трансшекаралық хабтарды толық іске қосу жүк қозғалысын айтарлықтай қысқартып, өткізу қабілетін арттыруға, өндіріс көлемін, салық түсімдерін және экспортты ұлғайтуға мүмкіндік береді", – деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектеновтің сөзінше, бұл жобалар капитал мен жаңа өндірістерді тарту орталықтарына айналады. Осыған байланысты жұмыс қарқынын күшейтіп, барлық тараптардың өзара іс-қимылын айтарлықтай жақсарту қажеттігі туралы айтылды.

"Сауда министрлігі мүдделі мемлекеттік органдардың жұмысын тиімді үйлестіруі керек. Сондай-ақ жобалардың іске асырылуына тұрақты мониторингті қамтамасыз ету де маңызды. Хабтардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға көңіл бөлу қажет.  Ол үшін ең алдымен, бизнеске қолайлы жағдай жасау керек. Атап айтқанда, инженерлік инфрақұрылымның дайындығын қамтамасыз ету, арнайы экономикалық аймақтар құру, рәсімдердің ашықтығы және мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жедел әрекет етуі сияқты мәселелерді шешуге басымдық берген жөн. Хабтардың аумағында логистика, қоймалау, жүктерді тиеп-түсірумен ғана шектелмей,  нақты өндірістер құрып, жұмыс орындарын ашу да маңызды", – деп атап өтті Премьер-министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу