Жиында халықаралық және қазақстандық ұйымдар жолаушыларды сәйкестендіру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Шара барысында Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ХААҰ) Авиациялық қауіпсіздік және жеңілдету секторы директорының орынбасары Сильвен Лефуайе терроризм қаупін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік беретін шекаралық және сәйкестендіру бақылауын жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.
"Жалған жеке куәліктерді және жалған жол жүру құжаттарын пайдалану трансшекаралық қылмыстық желілер жиі қолданылатын маңызды әдіс болып қала береді. Аймақтағы мемлекеттерге осы қиындықтарды шешуге көмектесу үшін ХААҰ Аймақтық симпозиумы жол жүру құжаттары қауіпсіздігінің маңыздылығын көрсету бойынша үздіксіз күш салуға үлес қосады. Әсіресе, ол осы құжаттарды беретін жүйелердің тұтастығын қамтамасыз етуде, мұндай құжаттарды сараптамадан өткізуге үлес қосады", - деді спикер.
Симпозиум қатысушылары бар олқылықтар мен биометрия сияқты құралдарды қалай тиімді пайдалануға болатынын анықтау үшін жол жүру құжатының қауіпсіздігінің әртүрлі аспектілерін қарастырады.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы көлік вице-министрі Талғат Ластаев Қазақстанның авиациялық билігі азаматтық авиацияның қауіпсіз дамуын қамтамасыз етуге және әуе транзитінің тартымдылығын арттыруға күш салып жатқанын атап өтті. Олар Қазақстанның азаматтық авиация саласын басқарудың жаңа тәсілдерін енгізу және ұшу қауіпсіздігінің халықаралық стандарттарына сәйкестік деңгейін арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.
Айта кету керек, TRIP (Traveller Identification Program) аймақтық симпозиумы Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр және бұл жолаушыларды сәйкестендіру үдерісін басқарудың барлық аспектілері бойынша ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін әлемдік деңгейдегі шара.
Іс-шара Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ХААҰ) демеушілігімен, Қазақстан Республикасы көлік министрлігінің, Азаматтық авиация комитетінің және Қазақстанның Авиация әкімшілігінің қолдауымен өтуде.
Симпозиумға Канада, Франция, Швейцария, Түркия, Катар, Сингапур, АҚШ, Қытай, Сауд Арабиясы, Австралия, Румыния, Жаңа Зеландия, Германия, Ресей Федерациясы, Әзербайжан және Армения сияқты 30 елден 280-ден астам адам қатысады.
Оның ішінде Халықаралық көші-қон ұйымы (ХҚҰ), Халықаралық әуежайлар кеңесі (ACI), Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA), БҰҰ Босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасы (UNHCR), Интерполдың Бас хатшылығы, Халықаралық қылмыстық сот төрелігі ұйымының полициясы, Еуропалық шекара және жағалау күзеті агенттігі (FRONTEX), сондай-ақ Қазақстан Республикасында өкілдік ететін шетелдік авиакомпаниялар өкілдері бар.