Трансшекаралық өзендер жөніндегі Қазақстан - Ресей бірлескен комиссиясының отырысы өтуде

714

Екі ел арасындағы су қатынасы 2010 жылғы 7 қыркүйектегі "Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы" келісіммен реттеледі. 

Трансшекаралық өзендер жөніндегі  Қазақстан - Ресей бірлескен комиссиясының отырысы өтуде Фото: inform.kz

Қазақстан мен Ресей делегациялары Ресейдің Түмен қаласында трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау мәселелерін талқылауда, деп жазады inbusiness.kz Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап. 

Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану мен қорғау жөніндегі Қазақстан-Ресей бірлескен комиссиясы 2010 жылғы 7 қыркүйектегі "Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы" келісім аясында жұмыс істейді.

Қазақстан мен Ресей шекарасы арқылы Жайық, Ертіс, Есіл, Тобыл, Елек, Қиғаш, Қараөзен және Сарыөзен сияқты трансшекаралық өзендер ағып өтеді. Бірлескен комиссиямен қатар, осы аталған өзендер бойынша жұмыс топтары бар.

Бірлескен комиссияға қос тарап тең төрағалық етеді. Қазақстаннан өкіл – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі С.М. Мұқатаев, Ресейден – РФ Су ресурстары федералды агенттігі төрағасының орынбасары В.А. Никаноров.

"Отырыс барысында барлық трансшекаралық өзендер бассейндері бойынша жұмыс топтары басшыларының есебі тыңдалады. Тараптар ағымдағы жылдағы көктемгі су тасқыны, су қоймаларды толтыру және тұрғындар мен экономика салаларын сумен қамтамасыз ету шарттары, гидротехника құрылыстарын кешенді пайдалану және эксплуатациялау, трансшекаралық су объектілерінің су ресурстарының ластануы мен сарқылуының алдын алу туралы ақпараттармен алмасатын болады.

Онымен бір мезгілде, Жайық өзені бассейнінің проблемаларын шешуге, ірі трансшекаралық өзендер бассейндерінде зерттеу жүргізу бойынша Ынтымақтастықты белсендірудің бірыңғай жол картасын іске асыруға назар аударылмақ.

Іс-шараға екі елдің министрліктерінің, су шаруашылығы ұйымдарының, гидрометеорология қызметтерінің, жергілікті атқарушы органдардың және басқа да мекемелердің өкілдері қатысып жатыр", - делінген хабарламада.

Еске салсақ, комиссия мен жұмыс топтарының отырыстары жылына бір рет әр мемлекет аумағында кезектесіп өткізіледі.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу