Трансшекаралық су айдындарының экожүйесі назарға алынады

757

Көкшетау қаласында Қазақстан мен Ресейдің XVII өңіраралық ынтымақтастық форумы басталды.  

Трансшекаралық су айдындарының экожүйесі назарға алынады

Халықаралық жиынға екі күннен кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин қатысады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Онлайн-форматта өтіп жатқан форумның панельдік сессиясында отандық, шетелдік ғалымдар мен сарапшылар экология және "жасыл экономикалық" өсім саласындағы ынтымақтастық туралы баяндама жасап жатыр.

Форумда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндігі таныстырылып, экология, геология және табиғи ресурстар саласындағы отандық және ресейлік инвестиция ағынын ынталандыру мәселесі қаралады. Бұған қоса Жайық, Ертіс трансшекаралық су айдындарының экожүйесі мен Каспий итбалығының популяциясын сақтаудың алғышарты талқыланады. 

Айта кетейік, екі ел арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумы 2003 жылдан бері өткізіліп келеді. Шара шеңберінде Мемлекет басшылары маңызды мәселелерді талқылауды дәстүрге айналдырған. 

Қазақстан мен Ресейдің іскерлік байланысын әртараптандыруға ықпал етуді көздейтін халықаралық жиын бұған дейін Челябинск, Орал, Новосибирск, Ақтөбе, Орынбор, Өскемен, Астрахань, Павлодар, Екатеринбург, Атырау, Сочи, Астана, Петропавл, Омбы қалаларында ұйымдастырылды. 

Бүгінгі таңда елімізде 6 800-ден астам ресейлік кәсіпорын мен екі елдің 3 200 бірлескен компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Бұл – Қазақстандағы шетелдік капиталы бар кәсіпорындардың жалпы санының үштен бірі.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу