Транзиттік-көліктік әлеуетті арттырмақшы

1072

Транзиттік-көліктік әлеуетті арттырмақшы

Қазақтанның Еуропа мен Азия-Тынық мұхиты аймағы елдері арасында шешуші хаб ретіндегі транзиттік-көліктік әлеуеті қандай? Бейжіңде Оңтүстік-Шығыс және Солтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі қазақ елшілері осы мәселені талқылап, Қытай тарапымен келелі кеңес құрды.

Өйткені тың жоба қазіргі уақытта "Қазақстан-Ляньюньган порты" логистикалық дәлізі арқылы жүзеге асырылып жатыр. Азия құрлығының оңтүстігі мен солтүстігінің Қазақстанға берері мол. Еуропаға, Орталық Азияға және Парсы шығанағына біз арқылы тасымалданатын транзиттік жүктің негізгі үлесі осы аймақтарға тиесілі. Сондықтан табысты іске басқа елдерді тарту үшін Қазақстан тарифтік саясат, инфрақұрылым сияқты маңызды мәселелерге ерекше көңіл бөліп келеді. Президент жолдауында айтылғандай, 2020 жылға дейін транзиттік тасымалдың жылдық көлемі 7 есеге көбейіп, ал контейнерлік жүк саны 2 млн-ға жетуі тиіс. Жиында осы мақсатқа жету үшін қандай істер атқаратыны пысықталды.

"Қазір біз ең бастысы инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Соңғы жылдары 1700 шақырымнан астам теміржол салынды. Нәтижесінде Қазақстан аумағы бойынша шығыс шекарадан батыс аймақтарға дейінгі жүк тасымалының мерзімі қысқарды. Сәйкесінше бұл көліктік шығынды оңтайландырып, шығынды 20-25 пайызға азайтты. Қазақстан бойынша теміржол арқылы өтетін жүктердің транзиті теңіз жолына қарағанда екі жарым, үш есе тиімді болды. "Қазақстан – Ляньюньган" теңіз порты және Азия-Тынық мұхит аймағының елдері арасындағы логистикалық бағытты дамыту жөніндегі мәселелер Бейжіңде осыған дейін де талқыланды. Кіші комитеттің отырысында екі елдің теміржол саласына жауапты мекемесі 11-ші жиынын өткізген болатын. Шығыс пен Батыс арасындағы транзиттік хабқа үлкен үміт артып отырған Қытай тарапы да бұл бастамаларды қолдап отыр", - деді ҚР Инвестициялар және даму министрлігі көлік комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Потлов. Ал Ляньюньган қазақ-қытай халықаралық логистикалық компаниясының бас директоры Лю Бин қазақ елінің транзиттік әлеуеті жыл сайын артып келе жатқанын айтып: "Мысалы, темір жолдағы пойыздың орташа жылдамдығы 800 шақырымнан 1100-ге дейін көтерілді. Қазір Қорғастағы логистикалық орталық контейнерлерді қос бағытта да тіркеу қызметіне көшті. Әсіресе Батыс елдеріне жөнелтілетін жүк контейнерлерінің өнімділігі артты", - деді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу