Түркістан қаласында "Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы" жылына орай, Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы тойланды, деп хабарлайды Baq.kz.
Думанды Наурыз тойы мерекесіне орай, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында этноауыл құрылып, ұлттық нақыштағы киіз үй әбзелдерімен әрленген 12 қанатты 33 киіз үй тігілді. Дастарханға ұлттық тағамдарымыз – қазы-қарта, жал-жая, қымыз, шұбат, наурыз көже, құрт, ірімшік, сірне, қаймақ, бауырсақ, ши бауырсақ, жент секілді жеңсік астар қойылды.
Сонымен бірге әз Наурыз мерекесінде 1 тоннадан астам палау дайындалып, 1,5 тонна Наурыз көже үлестірілді.
Мұнан бөлек келушілер ежелгі қазақ ауылында қазақтың салт-дәстүрлерін дәріптейтін түрлі шаралары мен ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыстарды тамашаласа, жастар жағы алтыбақанда сайран құрды.
Сонымен қатар мәртебелі меймандар әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкерлері ұйымдастырған тұсаукесер рәсіміне қатысса, өңір басшысы Жансейіт Түймебаев, мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және "ТҮРКСОЙ" Халықаралық Ұйымының Бас хатшысы Д.Қасейінов түркістандық балдырғанның тұсауын кесті.
Түркітілдес елдерден келген меймандар Түркістанда өткен осынау "жаңару" күніндегі торқалы тойдан ерекше әсер алып, ұлттық салт-дәстүрлеріміздің тәрбиелік мағынасы тереңде жатқанын жеткізді.
Айта кетейік, "Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы" жылының аясында осы күні Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-да "Түркістан және Түркология" атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтіп, шараға келген қонақтармен облыс әкімінің кездесуі жоспарланған. Сонымен қатар іс-шара соңы түркітілдес мемлекеттерден келген өнер ұжымдарының гала-концертімен жалғасады.