Тротуарда самокаттың қозғалыс жылдамдығын анықтайтын механизм бар ма?

212

ІІМ әзірге мұндай құралдар жоқ екенін айтты. 

Тротуарда самокаттың қозғалыс жылдамдығын анықтайтын механизм бар ма? Фото: Давай сходим

Сенат депутаты Серік Өтешов тротуарда қозғалатын электрсамокаттардың қозғалыс жылдамдығына бақылау қалай жүзеге асырылатынын айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сенатта жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша заң қаралып жатыр.

"Қаралып жатқан заңның нормаларына сәйкес, жергілікті атқарушы органдарға электр самокаттарын пайдалану тәртібін айқындау бойынша құзыреттер беру көзделген. Бұл ретте ҚР "Жол қозғалысы туралы" заңының 57-бабының 5-тармағына сәйкес, электрсамокаттарын жүргізушілері жаяу жүргіншілердің қозғалысына қауіп төндірмей, тротуарды немесе жаяу жүргіншілер жолында сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен қозғалады. Алайда техникалық регламенттер бойынша скутердің максималды жылдамдығы сағатына 30-40 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда тротуарда қозғалатын электрсамокаттың қозғалу жылдамдығын анықтау механизмі бар ма?",  - деді сенатор.

Серік Өтешов бақылау қалай жүзеге асырылатынын сұрады. Сонымен қатар тротуарда белгіленген жылдамдықты асырғаны үшін электрсамокат жүргізушілеріне қандай жауапкершілік жүктелгенін нақтылады.

Халық қалаулысының сұрағына Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха жауап берді.

"Самокаттар бойынша түзетулер қаралған кезде шерингтік компаниялардың иелері бізге тротуарлардағы жылдамдықты өздері реттейтінін айтты. Қазір біз автоматтандырылған бекіту жүйелерін жасаушылардың алдына тротуарлардағы қозғалыс жылдамдығын белгілеу міндетін қойып отырмыз. Шындығына келсек, әзірге бізде мұндай құралдар жоқ. Сондықтан бұл толығымен шерингтік компаниялардың  жауапкершілігін кіреді. Сонымен бірге, басқа да бұзушылықтарға 615, 620-баптар бойынша жауапкершілік қарастырылып, 2 және 3 АЕК көлеміндегі айыппұл бар. Біз жергілікті атқарушы органдардың құзыреті бойынша мәселені талқылағанда әкімдіктер өз қалауымен белгілі бір күндерде немесе орындарда қозғалыс бойынша қандай да бір ерекше талаптар қоя алатыны айтылды. Мысалы, жексенбі күні саябақтарда скутер қозғалысын шектеу қою дегендей", - деді министрлік өкілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу