Бүгін "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма төрағасының мұнай өңдеу және мұнай химиясы жөніндегі орынбасары, "KPI Inc." ЖШС басқарма төрағасы Данияр Тиесов пен "Теңізшевройл" ЖШС Бас директоры Кевин Лайон Қарабатандағы полипропилен өндіретін зауытқа Теңіз кен орнынан пропан жеткізу туралы келісімшартқа отырды, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Сонымен қатар, бұл рәсімге "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев және "Chevron" корпорациясының Еуразиялық бизнес бөлімшесінің басқарушы директоры Джон Балтц қатысқан.
Қол қойылған құжатқа сәйкес "Теңізшевройл" ЖШС полипропилен өндіретін зауытқа шикізат жеткізіп тұрады. Оның көлемі жыл сайын 550 мың тонна пропан фракциясын құрайды. Ал газ жеткізу теміржол арқылы жүзеге асырылмақ. Зауытта шикізат пропанды сутексіздендіру қондырғысында пропилен шығара отырып өңделеді, одан кейін полимеризациялау қондырғысында дайын өнім – түйіршіктелген полипропилен алынады.
"Теңіз кен орнынан пропан алу – бұл ел экономикасы үшін маңызды жобаны іске асырудың басты мәселесі. Биылдың өзінде салынып жатқан газ-химиялық кешен шикізаттың алғашқы партиясын қабылдап алады. Заманауи зауыттың құрылысы аяқталуға жақын қалды. 2022 жылдың бірінші тоқсанында біз іске қосу мен реттеу жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз", – деп атап өтті Алик Айдарбаев.
Айта кетейік, қазіргі күні 90% дайындық деңгейін көрсетіп отырған полипропилен өндіретін зауытты жыл соңына дейін ашу жоспарланған. Ол Қазақстандағы толығымен цифрланған, барлық процестер қашықтан басқарылатын алғашқы кәсіпорын болуы тиіс. Мұнда физикалық жұмысты роботтар атқарып, процестің жүру барысын "ақылды" цифрлық бейнебақылау арқылы операторлар басқаратын болады. Сондай-ақ, кәсіпорында су үнемдеу технологиялары пайдаланылмақ. Оған сәйкес, зауытта суды салқындатудың тұйық циклы қолдынылып, тазартудан өткен ағын су тұзсыздандырылған, минералсыздандырылған, өртке қарсы пайдаланылатын су түрінде кері қайтарылады. Соның арқасында суды пайдалану көлемі айтарлықтай азаяды деп күтілуде.
Құралай Қуатова