Туберкулез ауруын жұқтырып алмау үшін не істеу керек?

534

Аурудан қалай сақтану керектігін Денсаулық сақтау министрілігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Туберкулез ауруын жұқтырып алмау үшін не істеу керек? Фото: ЛЭТИ

Туберкулез жұқпалы ауруларға жатады, ол туберкулез таяқшасынан (Кох бацилласынан) туындайды. Туберкулез көбінесе тыныс алу органдарын зақымдайды, бірақ адамның кез-келген мүшесі (тері, лимфа түйіндері, сүйегі, бүйрегі, көзі, ішкі органдары, орталық жүйке жүйесі және т. б.) зақымдалатын өкпеден тыс формалары да кездеседі.

Туберкулезді науқас адамнан ауа тамшылары арқылы (сөйлесу, түшкіру, жөтелу кезінде); науқастың қақырығымен, сілекейімен ластанған нәрселерімен немесе заттарымен байланыста болған кезде жұқтырып алуға болады. Кох таяқшасы сыртқы ортада ұзақ уақыт бойы тірі және жұқпалы болып қалады. Сұйық қақырықта туберкулез таяқшасы 5-6 ай бойы жойылмайды. Ол кепкен күйінде де бірнеше ай бойы өзінің қасиеттерін сақтай алады, содан кейін әлсіз ағзаға еніп, инфекция тудыруы мүмкін. Тікелей күн сәулесінен бактериялар 10 минуттан кейін жойылады, шашыраңқы жарық оларды 5-7 күн ішінде жояды. Лас, қараңғы бөлмеде туберкулез таяқшалары ұзақ уақыт бойы өміршеңдігін жоғалтпайды.

Туберкулездің негізгі белгілері: екі аптадан астам жөтел, дене температурасының жоғарылауы, кеудедегі ауырсыну, ентігу, салмақ жоғалту, тәбеттің төмендеуі, түнде терлеу, әлсіздік, тез шаршау. Бұл белгілерді өзіңізден немесе жақындарыңыздан байқаған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.

Баланы туберкулезден қалай қорғауға болады немесе аурудың ең жақсы нәтижесін қалай қамтамасыз етуге болады?

Туберкулезге қарсы алдын алу шараларын жүргізу бала туылғанға дейін басталады. Болашақ баланың қоршаған ортасы (әкесі, атасы, әжесі, ағасы, тәтесі, 15 жастан асқан бауырлары) флюорографиялық тексеруден өтуі тиіс. Баланың анасы нәресте туғаннан кейін флюорографиялық тексеруден өтуі керек.

Туберкулездің алдын алудың маңызды шарасы туберкулезге қарсы БЦЖ вакцинасын егу болып табылады. Туберкулез ауруының профилактикасы және оның алдын алу мақсатында медициналық қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда перинаталдық (перзентхана) орталықтың егу кабинетінде туғаннан кейін 2-4-тәулікте Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес БЦЖ вакцинасын егу жүргізіледі. Туберкулезге қарсы вакцина туберкулездің ауыр түрлерінің алдын алуға арналған. 

Манту сынамасын тексертуге: туберкулезбен ауыратын науқаспен байланыста болған балалар (отбасылық, туыстық, мектеп (ұжымдық), пәтер және басқа да байланыстар); вакцинация алдында жасы 2 айдан асқан балалар; жоғары тәуекел тобындағы балалар жатады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу