Туберкулезбен ауыратын адам мектепте аспаз болып келген

992

Туберкулезбен ауыратын адам мектепте аспаз болып келген

ШҚО Глубокое ауданы Бобров ауылындағы  мектеп асханасының қызметкері туберкулезбен ауыратын болып шықты, деп хабарлайды kaz.altaynews.kz.

Ата-аналар қауымы дабыл қағуда.

"Бұл шағын ғана ауыл. Бәрі бір-бірін таниды, біледі. Жуықта асхана қызметкерінің туберкулездің ашық түрімен ауыратындығы белгілі болды. Қатты састық. Ең бастысы, бұл туралы заңды түрде ешкім мәлімдемеді. Балалардан үн-түнсіз сынама ала бастаған. Ауылда басқа да осындай ауруға шалдыққан адамдар бар. Сондықтан алаңдаймыз. Балаларды қалай қорғаймыз?" – дейді оқушының анасы.

Айтпақшы, асхана қызметкері қыркүйектің 3-і күні емханадан тексерістен өткен. Мұны медициналық кітапша дәлелдейді. 

Мектеп әкімшілігі бұл ақпаратты растады. Сырқат адамды жұмысқа алған асхана иесі, яғни асхананы жалдаушы кәсіпкер жауапқа тартылатындығын айтып отыр.

Облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің мәліметіне сүйенсек, науқас 8 қазанда Винное ауылының жедел жәрдем көмегіне жүгініпті. Ыстығы көтеріліп, жөтел күшейген. Бұл күй екі аптаға созылған. Ал дәрігерлер "бронх қабынған" деп диагноз қойған. Ол 16 қазанда жедел жәрдем көмегімен пульмонологиялық бөлімге жеткізіледі. Рентген нәтижесі мұның ешқандай да бронхит емес, туберкулездің жұқпалы түрі екендігін айғақтап береді. Науқас облыстық диспансерге жөнелтіледі.

Ұлттық сараптамалау орталығының көмегімен мектеп аумағы толықтай дезинфекцияланған. Қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті оқиғаны бақылап отыр.

"Глубокое аудандық қоғамдық денсаулықты сақтау орталығы, Бобров ауылдық амбулоториясы, мектеп және ондағы медицина орталығы мен асхана қызметкерлерінің тексеру нәтижесінде заң бұзғандығы анықталды. Асхананы жалға алған кәсіпкерге әкімшілік іс қозғалды. Іс әлі қаралып жатыр", – деді Ғазиз Сүлейменов, қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің жетекшісі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу