Болжамдарға сәйкес, бұл динамика сақталады.
24 ақпан елімізде туберкулезге қарсы күрес айлығы басталды. Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде осы тақырыпқа арналған баспасөз конференциясы өтті.
Жағымды статистика туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов мәлім етті.
Оның айтуынша, елімізде соңғы 5 жылда аурушаңдық 24 %-ға төмендеген.
Туберкулезден болатын өлім көрсеткіші 1,5 есе азайды. Сондай-ақ, балалардың аурушаңдығы 27%-ға төмендеген.
Мәлік Әденов Қазақстанда турберкулез бойынша тұрақты эпидемиологиялық жағдай сақталып отырғанын атап өтті. Медицина қызметкерлері бұған халықты профилактикалық тексерулермен қамту арқасында қол жеткізген.
"Елімізде туберкулезді анықтау және диагностикалау үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы ұсынымдарына сәйкес тексерудің барлық диагностикалық әдістері енгізілген. ПТР диагностикасы құрылды, ол туберкулездің бар-жоғын гендік деңгейде 2 сағат ішінде анықтауға және алғашқы күннен бастап емдеуді тағайындауға мүмкіндік береді", - деп атап өтті Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры.
Тәуекел деңгейі жоғары топтағы тұрғындарды скринингтік тексерулер тәуекелдерді азайтуға көмектеседі, ересектер флюорографиядан өтеді, ал балалар мен жасөспірімдер туберкулездің алдын алуға бағытталған диагностикасынан өтеді.
Амбулаторлық және стационарлық емдеуге қатысты барлық медициналық мекемелер тиімді емдеу үшін туберкулезге қарсы препараттардың қажетті кешенімен толық қамтамасыз етілген. Сезімтал туберкулезді емдеу тиімділігі 88,2%, дәріге төзімді туберкулезді емдеудің тиімділігі 80,2% құрады.
Пациенттерге ыңғайлы болу үшін амбулаторлық емдеу олардың тұрғылықты жеріне жақын орналасқан медициналық мекемелерде жүзеге асырылады.
Мәселен, бүгінгі таңда 7750 науқас амбулаторлық ем алады, оның 1,9%-ы үйде, 2,6%-ы мобильді бригадада, 42,4%-ы смартфон арқылы бейнебақылаумен.
Емдеу мониторингін күн сайын фтизиатр дәрігерлер, медбикелер және осыған жауаптылар қадағалайды.
Елімізде жергілікті атқарушы органдардың туберкулезбен ауыратындарға ай сайын әлеуметтік қолдау көрсетуі өте маңызды. Есепті кезеңде туберкулезбен ауыратындардың 97%-ына 1971,2 млн теңгеге әлеуметтік қолдау көрсетілді.