Шерзат Полат ісімен танымалдығы артқан адвокат Мейірман Шекеев кеше қолына Жәнібек Жұмағұловтың сенімхаты тигенін мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Жәнібек – Бельгияда асырап алынған қазақ баласы. Кейінірек анықталып жатқандай, бала заңсыз сатылған сияқты. Құжаттармен танысу барысында қаншама былық ашылып жатыр" дейді халық заңгері Мейірман Шекеев.
Ол әлеуметтік желідегі ресми парақшасында белгілі тележүргізуші Қымбат Досжанмен бірге видео жариялаған.
– Бұған дейін хабарлағанымыздай, Жәнібек баламыздың ісіне халық заңгері, халық жанашыры Мейірман Қалмаханұлы араласатын болды. Бүгін Жәнібектің өз қолынан берілген сенімхат бізге жетті. Енді "Жәнібек кім?" деген сауалға келетін болсақ, білмейтін адамдар үшін айтайын: Белгияда өсіп, сол жақтан Қазақстанға анасын іздеп келген Жәнібектің Жұмағұловтың (Jani Eddy J Saveliev) ісін Мейірман мырза өзіңізге тапсырамыз, әрине, бірге жұмыс істейміз. Алдағы уақытта біздің жоспарымызда Арқалыққа бару тұр, – дейді бейнежазбада Қымбат Досжан.
Адвокаттың сөзінше, Жәнібектің алғашқы биологиялық анасын табу мақсаты нәтижесіз болды. Бірақ, қазір іздеу жұмыстары жалғасуда, кейбір ДНҚ тестілеулері жасалғанымен, нақты нәтижеге қол жеткізілмеген.
– Ресми түрде мен сенімхатты қолыма алдым. Жәнібектің өзі бізге сенімхатты жіберді. Бұл жерде ашылмаған көп мән-жайлар бар. Жәнібектің ісімен араласып жатқан кезде бала сату заңсыздығына келіп тіреліп жатырмыз. Бұл жерде тек Жәнібектің ғана оқиғасын емес, Қазақстандағы бала сатудағы заңсыздықтардың бәрін ашамыз деп ойлаймын. Бізге сәттілік тілеп қойыңыздар, – деп кесіп айтты Мейірман Шекеев.