Түнгі трагедия
Доминикан Республикасының астанасы Санто-Домингодағы әйгілі Джет-Сет түнгі клубының төбесі құлағанда қаза тапқан адамдар саны 221-ге жетті. Жараланғандар 200-ден кем емес. Сонымен қатар, жиырма шақтысы госпитальде жатыр. Олардың бірнешеуінің жағдайы өте ауыр.
Әзірге төбенің неден опырылып түскені белгісіз. Жергілікті билік мәлімдегендей, үкімет трагедияның себебін тергеу үшін техникалық команда құрған.
Бұл апат сейсенбі күні Доминиканның танымал әншісі Рубби Перес ән айту үшін сахнаға шыққанда кенеттен болды. Концерт тамашалау үшін клубқа сол сәтте саясаткерлер, спортшылар, атақты адамдар, әртістер жиналған. Әзірге 189 адам тірі табылды. Алайда, үйінді астынан енді біреуді аман алып шығуға деген үміт сөніп барады.
"Таяу сағаттарда іздеу-құтқару кезеңінен мәйіттерді шығару кезеңіне көшеміз", – дейді президенттің баспасөз хатшысы Гомеро Фигероа жұма күні өткен брифингте.
Сәтсіз саяхат
Бейсенбі күні Нью-Йорктегі Гудзон өзеніне туристік тікұшақ құлап, 6 адам қаза тапты. Құрбандардың бесеуі – испаниялық ерлі-зайыпты мен олардың үш баласы. Біреуі – пилот.
Нью-Йорк мэрі Эрик Адамс мәлімдегендей, балалардың жастары – төртте, сегізде, онда. Олардың әкесі Агустин Эскобар – немістің Siemens компаниясының теміржол инфрақұрылымы бағыты бойынша бас директоры, анасы – осы энергетикалық технология фирмасының жаһандық менеджері болған. Олар ортаншы баласының туған күнін мерекелеу үшін тікұшақпен серуендеуге шығып, апатқа ұшырап отыр.
Әуе машинасының аспанда сынып, неліктен суға құлағаны әзірге анықталған жоқ. Қазір АҚШ-тың көліктегі қауіпсіздік жөніндегі ұлттық кеңесі оқиғаның мән-жайын тергеп жатыр.
Айта кетсек, Нью-Йорктің Манхэттен ауданының айналасында тікұшақтар көп ұшады. Олар туристерге алып мегаполисті көктен көрсету қызметін ұсынады. "Рейтер" агенттігінің хабарлауынша, мұнда осындай бизнеспен айналысатын жиырма шақты оператор бар.
Жауын құрбандары
Сәрсенбіден бері төпелеп жауған жаңбырдан Үндістан мен Непалда 100-ден астам адам қаза тапты. Мұны екі ел үкіметі де жұма күні хабарлады.
Үндістанның Бихарында жауынмен байланысты оқиғалардан 82 адам жан тәсілім еткен. Ал осы мемлекеттің халық ең көп қоныстанған Уттар-Прадеш штатында найзағайдың соққысынан және жаңбырмен байланысты өзге де апаттардан 18 тұрғын мерт болыпты.
Көршілес Непалдың Табиғи апаттармен күрес жөніндегі ұлттық басқармасының хабарлауынша, қатты жауын мен найзағайдан кемінде 8 адам өлді.
Үндістанның метеорология басқармасының ескертуінше, елдің орталық және шығыс аудандарында алдағы күндері де күн күркіреп, найзағай жарқылдап, жел ұйытқып, жауын құюы мүмкін.
Алапат желге әзірлік
Қытайда миллиондаған адамға үйден шықпауға кеңес берілді. Себебі жұмадан бастап жескенбіге дейін Бейжіңде, Тяньцзиде және Хэбей провинциясының бірқатар аудандарында сұрапыл жел соқпақ. Оның жылдамдығы сағатына 150 шақырымға жетуі мүмкін. Сондықтан салмағы 50 келіге жетпейтін адамдарға аса сақ болу ескертілді. Себебі оларды қатты жел оп-оңай ұшырып әкетуі мүмкін.
Қауіпке байланысты мектептер, парктер, аттракциондар уақытша жабылып, кейбір аудандарда құрылыс жұмыстары тоқтатылды. Сонымен қатар, пойыздардың сапары доғарылып, далада от жағуға тыйым салынып отыр.
Әлеуметтік желі қолданушылары болса, дауыл қаупін әзілге айналдырып, олардың кейбірі: "Не деген ақылды жел, жұманың кешінде басталып, жексенбіде аяқталып, дүйсенбіде жұмысты тоқтатпайтын", – деп Weibo платформасында жазба қалдырған.
Өзге бір қолданушы "Осы күн үшін үнемі көп тамақтандым", деп 50 келіге қатысты мысқыл-пост жазған.