Шымкентте "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен" пәтер аламыз деген салымшылар наразылыққа шықты, деп хабарлайды Atameken Business.
Бас-аяғы 224 адамның төлем қабылеттері расталып, баспана алуға рұқсат берілген. Салымшылар тіпті қаланың орталығындағы Нұрсәт мөлтек ауданынан салынып біткен тоғыз қабатты төрт үйден пәтерлерін де таңдап қойғанын айтады.
Алайда жаңа жыл қарсаңында үйлі боламыз деген салымшылардың үміті су сепкендей басылған. Өйткені 31-ші желтоқсан күні банк қызметкерлері бұл баспаналар жастарға берілетінін хабарлаған. Содан бері жылдар бойы тұрғын үйге қаражат жинағандар банктің есігін торуылдап әлек. Банк қызметкерлері болса, бұл мәселеге біздің қатысымыз жоқ, әкімдікке барыңдар деп отыр екен. Себебі жаңа баспаналардың жартысы қалалық әкімдіктің тапсырысымен салынған болып шықты.