Т.Рысқұлов ауылы мектептерінің 2006 жылғы түлектері қайырымдылық пен жанашырлықтың жарқын үлгісін тағы бір мәрте көрсетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жақсылық жолын серік еткен түлектер баспанаға мұқтаж аудан тұрғыны, үш қыздың анасы Салтанат Тұрсынбайға аудан орталығындағы үйдің кілтін табыстады.
Салтанат Тұрсынбай екі жыл бұрын денсаулығына байланысты ауыр сынақты бастан өткерген. Бүгінде жұмыссыз отырған жалғызбасты ананың үшінші перзенті мүгедектігі бар бала. Осындай қиын жағдайда көрсетілген қолдау көпшілік тарапынан жоғары бағаланды.
Баспана кілтін табыстау рәсіміне аудан әкімі Асқар Естібаев қатысып, мектеп бітіргендерге ұйымшылдығы мен азаматтық белсенділігі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ жаңа қоныс иелеріне арнайы сый-сияпат табысталып, игі іске үлес қосқан азаматтар Алғыс хатпен марапатталды.
Шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәтбай Қасымбек, аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев және ұстаздар сөз сөйлеп, түлектердің бастамасына ризашылықтарын жеткізді.
Айта кетейік, Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің жазуынша, Салтанат Тұрсынбай сырқаттанғанға дейін мектепте қызмет атқарған. Ол өзіне қолдау көрсеткен түлектерге және қиын кезеңде көмек қолын созған аудандық орталық аурухана ұжымына алғысын білдірді.